Соңғы кездері елімізде көптеген компаниялар үміткерді бетпе-бет сұхбатқа шақырар алдында онымен телефон арқылы сөйлесуді жөн көретін болған. Бұл бір жағынан уақытты үнемдесе, екінші жағынан үміткерлердің негізгі қабілеттерін бағалауға септігін тигізеді.
Төмендегі мына кеңестер – телефон арқылы сұхбаттасқан кезде сізге көмекке келеді.
- Қоңырауға жауап беріңіз.
Кейбір компаниялар сізге хабарласуға алдын-ала белгілі бір уақыт ұсынады. Сол аралықта сіз қоңырауға жауап бере алатыныңызға 100% сенімді болуыңыз керек. Егер белгілі бір себептермен уақыт тығыздығы туындап жатса, жұмыс берушіге алдын-ала хабар беріңіз.
Егер компания сізге алдын-ала ескертіп, хабарласқан жағдайда, өзіңізге ыңғайсыздық тудырса (мысалы, машина айдап келе жатқан жағдайда), қобалжымай сабыр сақтап, ол жөнінде тұтқаның ар жағындағы адамға ескертіп, тағы қай уақытта хабарласуға мүмкіндігі барын сұраңыз.
- Сұхбатқа дайындалыңыз.
Телефон арқылы әңгіменің бір жақсысы, сіз аздап қулыққа бара аласыз. Алдын-ала қойылады-ау деген сұрақтар тізімін жасап (мысалы, интернеттен қараңыз), оған жауап дайындап қойыңыз. Компания туралы барынша көп мәлімет біліп алуға тырысыңыз. Бұл сізге сұхбаттан сәтті өтуге мүмкіндік береді.
- Мұқият тыңдаңыз.
Алдымен тараптың сөзін бөлмей, толық, мұқият тыңдаңыз. Сұхбат алушының назарға алған сөздерін ойыңызға түртіп алыңыз, алдағы уақытта сізге көмегі тиюі әбден мүмкін.
- Сөзіңізді қадағалаңыз.
Телефон арқылы сұхбаттасудан өткен кезде, сіз сұхбат алушыны көре алмайсыз, яғни оның реакциясын бағалай алмайсыз деген сөз. Телефон арқылы сұхбаттан өту барысында не айтқаныңыздан басқа, қалай сөйлегеніңіз маңызды, сондықтан сіздің дауысыңыз таза, айқын және ешқандай кедергісіз шығып жатқанына көз жеткізіңіз және, әлбетте, сыпайы сөйлеуге тырысыңыз.
- Телефон қоңырауын әрқашан көңілді күйде, жағымды жағдайда аяқтаңыз.
Сұхбаттан кейін жұмыс беруші тарап өкіліне алғыс білдіріп, оған осы жұмысқа сай келетініңізге сенімді екеніңізді айта кетіңіз.
- Соңында жіберілетін алғыс хат.
Бірер сағат күтіп, сұхбат алушыға алғысыңызды білдірген қысқаша хат жіберіңіз. Бұл жұмыс берушіге осы позицияға қызығушылығыңыздың барына көз жеткізуге мүмкіндік береді. Алайда хаттың шынымен қысқа болуы және қажетсіз ақпарат болмауы керегін есте сақтаңыз, әйтпесе сіз беймаза кандидат болып көрінуіңіз мүмкін.
Дереккөз: Hipo.kz