Экономика
Регионы
Тимур Құлыбаев: Азық-түлік саудасын тікелей өндірушіден жүзеге асыру керек
Алматы. 12 сәуір. 7kun.kz - «Атамекен» басшысы азық-түлік саудасында делдалдарды алып тастап, өнімді тікелей өндірушіден алуды жолға қоюды және бұл істі Астанадан бастауды ұсынды деп хабарлайды палатаның баспасөз қызметі.
«Жергілікті өндірушілердің мақсатты нарығы бар, ол – Астана. «Атамекен» әкімдікпен бірлесіп, өндірушіден тұтынушыға тікелей жеткізуді жолға қоюды, облыс аумағында ауыл шаруашылығының барлық өнімі сұрыпталып, елорда нарығына жеткізілетін көтерме-бөлшек сауда орталығын құру мәселесін пысықтауды ұсынады. Осылайша, Астанамен көршілес жатқан облыстағы өндірушілерге азық-түлік тауарларын делдалсыз, тікелей өткізуге көмектесеміз, бұл тауар бағасын арзандатуға мүмкіндік береді», – деді Тимур Құлыбаев.
Ұлттық палата басшысы ең алдымен ел ішінен инвесторларды тарта отырып көтерме-бөлшек орталығын құру мәселесін шешуді ұсынды.
«Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қаржыландырумен көмектесуге дайын. Бұл дамыту институттары немесе біздің отандық инвесторлар болуы мүмкін. Біз өзге өңірлердегі бизнесмендерге Ақмола облысы аумағында жобаны жүзеге асыруға қатысуды ұсынамыз. Мұндай жұмысты «Атамекен» әкімдікпен бірлесіп өткізуге дайын», – деді Тимур Құлыбаев.