Мемлекет басшысы «Нұр Отан» съезінде атқарушы билікке, партияға және «Атамекенге» нақты тапсырмалар берді.
Ұлттық кәсіпкерлер палатасы да аталмыш бастаманы іске асыруға дайын.
Елбасы денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қорғау салаларына қосымша қаражат бөлуді тапсырған болатын. Осы орайда шағын және орта бизнесті дамыту, жаппай кәсіпкерлікке бет бұру арқылы азаматтардың тұрақты табыстарын арту мен жұмыспен қамтылуына тоқтала кетейін.
Мектептерде «Кәсіпкерлік негіздері» пәні оқытылады
Кәсіпкерлікке баулу мектеп жасынан басталып, жоғары оқу орындарында жалғасын табуы керек деп есептеймін.
«Атамекеннің» бастамасымен биылғы жылдың 1 қыркүйегінен орта мектептердің 10-11 сыныптарында «Кәсіпкерлік негіздері» пәні оқытылатын болады. Сондай-ақ, кәсіби белгілі бір бағытқа баулу жұмыстарын 7 сыныптан бастауды ұсынып отырмыз. Бұл ерте жастан оқушының бизнес жайлы ой-өрісін кеңейтуге, ата-анасымен бірлесе отырып, мамандықты дұрыс таңдауына көмектесетін болады.
Ел бойынша мемлекеттік және жеке колледждердің жалпы саны 800 астам. Олардың жылдық бюджеті 100 млрд теңгені құрайды. Осы оқу орындарында жарты миллионға жуық студенттер білім алуда.
Колледждердің жұмысы оқуды бітірген студенттерді жұмысқа тұрғызу деңгейімен өлшенуі керек. Ол үшін жұмыс берушілер колледждердің рейтингісін анықтап, мемлекеттік тапсырысты сол рейтингтің нәтижесіне қарай бөлуді ұсынып отырмыз. «Атамекен» мұндай рейтингті жоғары оқу орындары арасында былтырғы жылдан бері жүргізуде.
Дуальді оқу жүйесін енгізудің маңызы зор
Ұсынып отырған рейтингтен бөлек дуальді оқу жүйесін жұмыс берушілер кеңінен қолдануы тиіс, ал ол үшін экономикалық тұрғыда ынталандыру қарастырылуы керек. Бұл ретте өндірісте оқыту жұмыстарын жүргізіп отырған жұмыс берушілердің шығындары мемлекеттік тапсырыс есебінен өтелгені орынды болады. «Атамекеннің» ұсынысымен мұндай әдіс қысқа мерзімді (6 ай) курстар арқылы жұмыс мамандықтарын игеруге атсалысып отырған кәсіпорындарға қолданылуда. Қазіргі уақытта 200-ге жуық кәсіпорын біздің тізімге енгізілді.
Жоғары оқу орындары арасында 2018 жылы жүргізілген рейтингтің нәтижесін қарайтын болсақ, 130 жоғары оқу орнының тек тең жартысында жұмысқа орналасу көрсеткіші 60% құрайды. Аталмыш рейтинг абитуриенттер мен ата-аналардың оқу орнын таңдаудағы басты бағдарына айналуы тиіс, сондай-ақ мемлекеттік тапсырыстың бөлінуі барысында бұл ең басты көрсеткіш болуы керек.
«Бастау бизнес» жобасы туралы бірер сөз...
Елбасы «Атамекен» мен Білім және ғылым министрлігіне үш жыл ішінде колледждер мен ЖОО жоғары курстағы 180 мың студентке кәсіпкерлік негізін оқытуды тапсырды. Бүгінде «Бастау бизнес», сондай-ақ басқа да оқу жобаларымыздың басын біріктірген Atameken Academy онлайн-платформасын іске қостық. Осылайша жоғары курс студенттері оқу орындарында бизнес-тренерлерімізден дәріс алып, онлайн-платформа арқылы қосымша білім алуына мүмкіндіктер жасалған. Оқу аяқталған соң студенттер жеке кәсібін бастауға гранттар немесе шағын несие рәсімдей алады.
Білім беру жүйесіндегі қадамдарымызға қысқаша тоқталып өттім. Ал енді, ауылдық жерлердегі жұмыссыз жүрген және өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген азаматтарға бағытталған «Бизнес бастау» жобасы жайында кеңірек тоқталып өтейін.
Бұл міндетті іске асыру үшін 2016 жылы «Атамекен» демеушілер көмегі арқылы «Бастау бизнес» жобасын еліміздің бірнеше өңірінде қанатқақты жоба ретінде өткізген болатын. Жоба қойған міндетті ақтап, тиімділігін көрсетті. Қанатқақты жобаға қатысқандардың пікірлері оған дәлел.
Осылайша, «Бастау бизнес» жобасы 2017 жылдан бері «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасына енген болатын.
2018 жылы еліміздің барлық аудан орталықтарында 28 мың адам «Бастау бизнес» жобасына қатысып, кәсіпкерлік негіздерінен білімін шыңдады. Оның ішінде 19,5 мың қатысушы бизнес-жоспарларын сәтті қорғап шықты. Егер пайыздық көрсеткішке шақсақ, бұл жобаға қатысқандардың 60%-ы, яғни 8 мың адам, шағын несиеге қол жеткізді. Салық мәліметтері көрсетіп отырғандай, жобаға қатысып, кәсібін ашқандардардың 95%-ы бүгінде салық төлеушілер қатарында. Бұл өте жақсы көрсеткіш.
Елбасымыздың тапсырмасына орай, биылғы жоспарланған 15 мың ауыл тұрғынын оқытумен қатар, жұмыссыз жүрген 40 мың ауыл жастары «Бастау бизнес» жобасына қатысатын болады. Жалпы сұраныстың артып отырғанын ескере келе, жобаға бөлінетін қаражыны 20%-дан 30%-ға көтеруді ұсынамыз. Бюджеттен бөлінетін қаржының көлемі 63 млрд теңге болуға тиісті.
Көпбалалы отбасылар бизнес назарында
Елбасы айтқандай, көпбалалы отбасыларға үйде отырып табыс табу мүмкіндіктері жасалады, қосымша гранттар мен шағын несиелер квотасы бөлінетін болады. «Атамекен» өз тарапынан көпбалалы отбасы мүшелерін кәсіпкерлікке оқытып, қарапайым бизнес-жоспарларды ұсынуға дайын. Үйде отырып қолөнер, кондитерлік өнімдер дайындау, киім тігу секілді кәсіпті жүргізуге мүмкіндіктер жасалады. Шығарған өнімдерін сату және тұрақты табыс жолын қалыптастыруға Өңірлік кәсіпкерлер палаталары барынша көмектеседі.
Осы жұмысты жүйелі бағытқа қою үшін «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасында көпбалалы отбасыларды қолдауға бағытталған, қажетті қаржы қарастырылған арнайы бөлім болуы керек.
Жергілікті тұрғындарды тұрақты табыспен қамтамасыз ету үшін арнайы өңірлік даму бағдарламалар қажет.
Елбасы осы мақсатта ақпан айында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Үкіметке, әкімдіктер мен «Атамекенге» нақты тапсырмалар берді.
Өңірлік бағдарламалар әр аймақта бизнестің жаңа әлеуетті бағыттарын анықтап, сол салада жаңа жұмыс орындарын ашуға түрткі болады.
«Атамекен» өткен жылы Атырау облысының әлеуетті мүмкіндіктерін анықтайтын зерттеу жұмыстарын жүргізген болатын. Нәтижесінде Атырау облысында күнделікті тұрмысқа қажетті, жалпы соммасы 100 млрд теңгеден асатын қарапайым тауарлардың сырттан әкелетіні анықталды. Ал, егер осы тауарларды сол өңірдің өзінде шығарар болсақ, шамамен 700 орта және шағын бизнес ашылып, 8 мыңға жуық адамға жұмыс орны ашылар еді. Дәл осындай жағдай басқа да өңірлерге де қатысты екеніне сенімдімін.
Қажетті қаржы бөлінер болса, бұл жұмысты барлық өңірлерде осы жылдың аяғына дейін шешуге болады.
Халықтың тұрақты табысының өсуі баға өсіміне тікелей байланысты екені белгілі. Бүгінгі күні инфляция 510 бағдар бойынша есептелуде. Дегенмен, халықтың басым бөлігі үшін ең маңыздысы - азық-түлік пен киім-кешек, аяқ-киім бағасы. Бұл қажеттіліктер орта деңгейлі отбасындағы жалпы шығын үлесінің 60 %-дан астамына тиесілі. Біз әлі де біраз тауарлар бойынша импортқа тәуелдіміз. Ал теңгенің құнсыздануы инфляцияға алып келеді. Мысалы, соңғы 5 жылда импорт көрсеткіші киім-кешекте - 85%, азық-түлікте - 36%, сусындар бойынша - 20%, жиһаз бойынша - 65% құрады.
Мемлекет басшысының импортты алмастыру және «қарапайым заттар экономикасын» дамытуға қатысты тапсырмасы да бар.
Сонымен қатар, «Нұрлы Жол» және «Нұрлы Жер» бағдарламалары арқылы тұрғын үй және жол салу құрылысында да импортты алмастыратын үлкен әлеует бар. Елбасының тапсырмасына орай тұрмыс деңгейі төмен отбасыларға қосымша 40 мыңнан астам пәтер салынатын болады, сондай-ақ елдімекендердегі жол желісін кеңейту де тапсырылды.
2019 жылдың шілдесіне дейін әр мемлекеттік орган мен әкімдікке алдағы үш жылға арналған тұрғын үй және жол салу саласында жергілікті қамту үлесін арттыруға қатысты нақты индикаторлар қойылуы қажет.
Банк секторы шағын және орта бизнесті қолдауға бағыт алуы керек
Тауар бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін валюта айырбастау бағамының түсінікті болжамы қажет. Өткен жылы мұнай бағасының тұрақтылығына қарамастан теңге 20 %-ға төмендеген болатын.
Осының салдарынан кәсіпкерлік секторын несиелеу қарқыны да бәсеңдеді. 2018 жылғы көрсеткіштерге сүйенсек, заңды тұлғаларға несие беру 4,6%-ға қысқарған, ал шағын бизнеске берілетін несие 15%-ға азайған. Нәтижесінде жыл басындағы несиелеу көрсеткіші ішкі жалпы өніммен салыстырғанда небары 22%-ды құраған, ал, 2015 жылғы несиелеу көрсеткіші ішкі жалпы өніммен салыстырғанда 30%-дан астам болған.
Ұлттық банктің жаңа басшылығы алдында экономика саласын несиелеуге қатысты күрделі мәселенің шешімін табу міндеті тұр. Мәселенің шешімін табу үшін Үкімет, Ұлттық банк және «Атамекен» өзара жұмыс бағытын анықтайтын диалог құруы тиіс. Бұл диалогты Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңесі алаңында өткізуге болады.
Ал банктер бизнеске көзқарасын түбегейлі өзгертіп, сенімсіздіктен арылып, шағын және орта бизнеске жаңа ұсыныстар әзірлегені дұрыс. Елдегі 1,2 млн астам кәсіпкердің 80%-ы банк несиесін пайдаланбайды. «Атамекен» банктермен, даму институттарымен бірлесіп жаңа несие тұтынушылар тобын қалыптастыруға дайын. Осылайша, жеке ісін жаңа бастаған және бизнесін жүргізіп отырған кәсіпкерлердің іріленуі мен бизнес деңгейінің өсуіне қолайлы жағдай қалыптасады.
Банктегі жалпы несиелеудің төмендеуіне қарамастан тұтынушылық несие беру секторы артуда. 2018 жылы жеке тұлғаларды банк арқылы қаржыландыру көрсеткіші 17%-ға өскен. Сондай-ақ нарықта жеке тұлғаларға несие беретін түрлі онлайн-компаниялар мен ломбардтар саны көбейген. Алайда бұл сегмент микронесиелік ұйым ретінде тіркелмеген әрі шекті жылдық 56% мөлшерлемесімен шектелмеген. Мұның салдарынан тұтынушылық несие алушылар саны күрт артып, қарызға белшесінен батқандар саны көбейген.
Мұндай жағдайдың алдын алу үшін, заңнамаға «Атамекен» несие алушылар құқығын қорғауға бағытталған ұсыныстарды әзірлемек.
Ұлттық қордан әлеуметтік бағытқа бөлінетін қаржыдан бөлек, қосымша қаржы көзі көлеңкелі экономика, сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүргізілетін жұмыс нәтижесінде арттырылатын болады. Айтар болсақ, көлеңкелі сектор үлесі ішкі жалпы өнімнің 26% құрауда.
Мемлекет басшысы кедендік әкімшілік етуден түсетін қор жайлы айтқан болатын. Қытаймен екі ортадағы кедендік статистика көрсеткіштеріндегі айырмашылық 7 млрд АҚШ долларын құрап отыр. Бұл дегеніміз, мемлекет бюджеті бір жылда 300 млрд теңгеден астам кірістен құр қалуда деген сөз. Онымен қоса, жасырын импорт тұтынушыларға қажетті басты тауарлардың елімізде шығарылуына кедергі болуда, ол көлеңкелі сауданың басты салдары. Мұның шешімін кедендік барлық процедураларды цифрландыру арқылы жүргізу керек, сондай-ақ жасырын тауар тасу жолдарын жабуға қатысты қатаң шараларды қолдану арқылы биылғы жылдың өзінде оң көрсеткіштерге қол жеткізе аламыз. Басымдықты Қытайдан келетін импортқа қатысты кедендік әкімшілік қызметін жақсартуға салған жөн.
Дегенмен, бақылауды күшейткеннің жөні осы екен деп, адал кәсіппен айналысып жүрген бизнеске бақылауды тым асыра қолданудың қажеті жоқ.
Мемлекеттік сатып алу жүйесінің тиімділігін де арттыру қажет. Былтырғы жылы мемлекеттік сатып алудың жалпы көлемі 4,4 трлн теңгені құраған. Оның 75% конкурстан тыс, бір көзден сатып алу арқылы өткен. Біздің Мониторинг орталығының мәліметі бойынша, кейбір тауар позициялары бойынша бір қызмет ұсынушыны таңдау әдісі арқылы жүргізілетін сатып алулар мен конкурс бойынша өткізілген сатып алу арасындағы баға айырмашылығы 30%-ға дейін жеткен. Мемлекеттік сатып алулар соммасын 10% оңтайландыруды ұсынамыз, бұл 300 млрд теңгеге дейінгі қаржыны үнемдер еді. Квазимемлекеттік секторлардың сатып алуына да осы жұмысты жүргізуге болады. Осы жұмыстың аясында сатып алулар саласын цифрландыру арқылы барынша ашықтықты қамтамасыз етіп, қоғамдық бақылауды күшейту маңызды іс екенін атап өткім келеді.
Жер телімдері туралы ақпарат цифрландыруды талап етеді
Жерге қатысты салада басты мәселе жер телімі туралы ақпараттың жоқтығында. Бүгінгі күні бұл сала өте бұлыңғыр және жемқорлық әрекеттерге толы.
Мысалы, былтыр елді мекендерде 17 мың жер телімі жеке меншікке берілген. Оның тек бір мыңы аукцион әдісі арқылы өткізілген. Өңірлерде жүргізілген сауалнама нәтижесіне көз салсақ, әрбір үшінші кәсіпкер жемқорлықпен кезігетінін атаған.
Әкімдіктер жер телімі туралы ақпаратты интернет ресурстарына жариялап отыруға міндетті. Бірақ, бұл талаптарды сақтайтындар аз.
“Атамекен” әкімдіктермен бірлесе отырып 2019 жылдың соңына дейін жер телімдері туралы ақпараттарды цифрландыруды ұсынады.
Бизнеске ауыл шаруашылығына тиісті жер телімдерінің түсінікті әрі ашық жоспары қажет. Қай жер шабындық, қай жер жайылым, қай жер алқап дегендей. Әр ауданның бос жатқан жер телімдеріне қатысты және осы жер телімдерін бөлуді қарастыратын жер комиссиясының қызметі жайлы цифрлық ақпарат болуы тиіс. Қай жер кімдікі, қай жер телімі бос екендігі осы арқылы ашық көрініп тұруы тиіс. Осылайша кәсіпкерлер әкімдіктердің табалдырығын тоздырмай, шешімді онлайн түрде қабылдай алады.
Жақсы мысал келтірейін, Қызылорда облысында Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы арқылы кәсіпкер жер телімдері жайлы мәліметті, инженерлік желілерге қосылуға қатысты барлық техникалық талаптар жөніндегі ақпаратты үш күн ішінде алады. Бұл оң тәжірибені барлық өңірлерде де енгізген жөн.
Институцияналдық және құрылымдық реформалар керек
Сондықтан да сыбайлас жемқорлықты түбегейлі жоюдағы келесі қадам - барлық мемлекеттік қызметтерді цифрлық жүйеге көшіру. Оған қоса өз ісін жетік білетін, кәсіби мамандардан құралған, кәсібилігіне сай тиісті еңбекақысы қарастырылған ықшамдалған мемлекет аппараты болуы тиіс. Кәсіпкерлер салық төлеуші ретінде сапалы қызмет алғанды қалайды.
2018 жылы көлемді реформалау аясында бизнеске қатысты мемлекеттік 540 бақылау-қадағалау функциясының 137-сі алынып тасталды, бизнесті тексеруге қатысты 17 мың талап, яғни 56% қысқарды, тексерушілер штатының бір мыңға жуығы қысқарды.
Бұл саладағы ендігі қадам – бақылауды автоматтандыру, яғни бұл жүйені тек заң бұзушыларға бағыттау. Сондай-ақ мемлекеттік функцияларды өзін-өзі реттейтін ұйымдарға беру жолында да жұмыс жүргізілуде.
Нәтижесінде мемлекеттік органдардағы штат саны әлі де қысқармақ. Мысалы, дәл қазір 14 министрлікке қарасты 45 комитет бар болса, әрбір әкімдікте 26 басқармадан бар.
Бұл қанша ауыр болса да нәтиже беретін қажетті қадам. Осының арқасында министрліктер мен әкімдіктердегі нағыз кәсіби мамандарға еңбегіне лайықты жалақы тағайындалып, қағазбастылықтан арылуға болады. Бұл көптеген дамыған мемлекеттердің тәжірибесінде дәлелденген. Мысалы, Швеция мен Сингапурде жемқорлықпен күрес мемлекеттік қызметкерлердің айлығын нарықтағы мамандар еңбекақысынан айтарлықтай көтеруден бастаған.
Жемқорлыққа қарсы БҰҰ конвенциясында көрсетілгендей, заңсыз жолмен байыған мемлекеттік қызметкерлерді қылмыстық жазаға тарту мәселесін де қарастырған жөн. Егер мемлекеттік қызметкер немесе оның отбасы мүшелері табыстарын растай алмаса – бұл заңсыз табыс ретінде саналады.
Ықшамдалған мемлекеттік аппараттан бөлек, экономикаға мемлекеттің қатысуын барынша төмендетуді ұмытпаған жөн.
Жекешелендіру жарияланғанымен, алға қойған міндеттер қажетті деңгейде орындалмауда. Жекешелендірудің екінші қарқыны аясында 321 млрд теңгеге нысандар сатылған, бірақ, тек «Самұрық-Қазынаның» активтері 25 трлн теңгені құрайды. Мемлекеттік компаниялардың иелігінің шағын ғана бөлігін жеке инвесторларға сату соңы олардың экономикадағы рөлінің төмендеуіне әкелмейтіні анық. Себебі, бақылау пакеті мемлекет қарамағында қала береді.
Қазір мемлекеттік компаниялардың 348 бағытта жұмыс істеуге рұқсаты бар. Көбінесе мемлекеттік кәсіпорындар экономиканың бәсекеге қабілетті саларында, айтар болсақ логистика, тасымалдау, сауда саласы секілді бағыттарда болып отыр.
Сондықтан да жекешелендіру жүргізілгенімен мемлекеттік сектордың тиімсіз активтері өсуде. Қаржы министрлігінің ақпаратына қарасақ, 6,6 мың квазимемлекеттік субъекті (АҚ, ЖШС, мемлекеттік мекемелер) кәсіпкерлікпен айналысуда.
Мемлекетке заңнама арқылы рұқсат етілген бағыттар тізімдерінің санын кемінде 2 есеге қысқарту керек.
Осыларды есепке ала отырып 2019 жылдың шілдесіне дейін мемлекет иелігінде қалатын республикалық коммуналдық, квазимемлекеттік ұйымдардың шекті тізімі жасалуы керек. Жеке бизнес айналыса алатын барлық бағыт, бәсекеге қабілетті ортаға түсуі тиіс. Ал, қалған ұйымдарға қатысты әр нысанның мерзімін көрсете отырып, жекешелендіру жоспарын жасау керек.
Съезд барысында Мемлекет басшысы мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге тиімді асуын және Ұлттық қор мен бюджетті қадағалайтын мемлекеттік және қоғамдық институттардың жанжақты бақылауының қажет екеніне аса назар аударды.
Осы мақсатта жұмыс тиімділігін бағалау және мемлекеттік бағдарламалар мен реформаларды бақылайтын орталық құруға тапсырма берді.
«Атамекен» мемлекеттік емес ұйым ретінде аталмыш орталықтың жұмысына атсалысуға дайын.
Біз Үкіметпен, барлық деңгейдегі әкімдіктермен бірлесе отырып, бұл шараларды жүзеге асыруға әзірміз. Біздің алдымызда тұрған мақсат ортақ. Бұл мақсат - халықтың тұрақты табысын арттыру, жаңа жұмыс орындарын құру мен шағын және орта бизнесті дамыту.
Бірлесіп атқарар жұмыс ел экономикасына, халықтың әлеуметтік жағдайының көтерілуіне оң әсерін тигізетініне сенімім мол!
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024