Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Тоқаев Алматы облысындағы мектептер құрылысына 29 млрд теңге бөлуді тапсырды

Тоқаев Алматы облысындағы мектептер құрылысына 29 млрд теңге бөлуді тапсырды

Алматы. 2 мамыр. 7kun.kz – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Алматы облысында жүр. Мемлекет басшысы өңірдегі жаңа мектептердің құрылысына 29 миллиард теңге бөлуді тапсырды.

«Алматы облысында апатты әрі үшауысымдық мектептер әлі бар. Бұл мақсатқа 2018-2019 жылдары 15,5 млрд теңге бөлінген. Дегенмен, облыс әлі 20 мектепке мұқтаж. Осы мәселені шешу үшін 2020-2021 жылдарға қосымша 29 млрд теңге бөлуді тапсырамын»,– деді Президент.

Қазақстан Президенті аймақтың көлік-логистикалық әлеуетіне ерекше тоқталып, жергілікті жолдардың сапасын арттырудың маңызды екенін атап өтті.

«Облыс жолдарының 22%-ы сын көтермейтін болғандықтан, бұл өзекті мәселе болып отыр. Облыс әкіміне аталған мәселемен жүйелі түрде айналысып, тозығы жеткен жолдарды біртіндеп қалпына келтірудің 2025 жылға дейінгі жоспарын әзірлеуді тапсырамын», – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік жағдайы төмен тұрғындарды баспанамен қамту мәселелеріне ерекше назар аударды.

«Баспана кезегінде әлі күнге дейін 41 мың адам тұр. Оның 11 мыңы – бірінші кезекте мәселелері шешілуі тиіс тұрмысы төмен көпбалалы отбасылар. Жас мамандар мен жас отбасылар үшін тұрғын үй құрылысын белсенді түрде жүргізу қажет. Әкімдік жас мамандарды баспанамен қамту үшін өзге өңірлердің үлгісімен «7-20-25» бағдарламасы бойынша алғашқы жарнаны жабатын тұрғын үй сертификаттарын беру тетігін іске қосуы қажет», – деді Қазақстан Президенті.

Похожие материалы