Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Тоқаев: Алматы қасіретті қаңтардан кейін толығымен қалпына келтірілді

Тоқаев: Алматы қасіретті қаңтардан кейін толығымен қалпына келтірілді

Алматы. 16 қараша. 7kun.kz – Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласы жұртшылығымен кездесті. Бұл туралы ҚР президентінің баспасөз қызметі хабарлады.

Президенттің айтуынша, Алматы еліміздің экономикалық дамуының қозғаушы күші және көшбасшысы екенін атап өтті. Бұл қала жалпы ішкі өнімнің бестен бірін, яғни бюджеттік кірістің 25 пайыздан астамын және сауда-саттықтың үштен бірін қамтамасыз етеді.

«Бүгінгі таңда Алматы «Қасіретті қаңтардан» кейін толығымен қалпына келтірілді, қала экономикасы тұрақты түрде дамуда», – деді Тоқаев.

Ол қаланың дамуына, оның тіршілікке қолайлы, жайлы болуына айрықша мән беретінін атап өтті.

«Алматы – қастерлі тәуелсіздігіміздің бойтұмары болған қала. Алматыда еліміз үшін ең маңызды шешімдер мен құжаттар қабылданды. Осы жерде Егемендік декларациясына қол қойылды, Тәуелсіздігіміз жарияланды. Еліміздің болашағын айқындаған басқа да көптеген тағдырлы оқиғалар өтті», – деді президент.

Президент қасіретті қаңтар ел үшін зор сынақ болғанын атап өтті.

«Қасақана әрекет еткен қарақшылар тобы мемлекеттігіміздің тұғырын шайқалтуға тырысты, елдегі тұрақтылықтың тамырына балта шапқысы келді. Біз бұл жерде бір мәселенің басын ашып алуымыз керек. Бейбіт шерулердің себебі – бір бөлек. Ал, мемлекеттік төңкеріс жасағысы келгендердің мақсаты – мүлде басқа», – деді Тоқаев.

Ол қаңтар оқиғасын кімдер өз ыңғайына пайдаланғанын айтты.

«Қаңтар оқиғасының астарына үңілсек, оның себептері айқын көрінеді. Елімізде ұзақ уақыт әлеуметтік әділдік назардан тыс қалды. Мемлекет пен қоғамның арасы алшақтап кетті. Жылдар бойы шешілмеген әлеуметтік-экономикалық мәселелерден жұрт әбден қажыды. Бұл – түсінікті жайт. Алайда, қылмыскерлердің көздегені басқа еді. Олар бейбіт шеруді жаппай тәртіпсіздікке айналдырғысы келді. Алдын-ала әзірлеген арандатушылар, бұзақылар, тіпті қарақшыларды пайдаланды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, қылмыскерлер Алматының асқақ рухын құлата алмады.

«Соның кесірінен Алматыдағы жағдай күрт нашарлады, тіпті, бақылаудан шықты. Қылмыскерлер әкімшілік ғимараттарды басып алды. Көшелерді жауып, жолында кездескеннің бәрін қиратты, тонады. Қысқасы, ойларына не келсе, соны істеді. Бірақ, қандай жағдай болсын, азаматтарымыз, ең бастысы, Алматының асқақ рухын құлатқан жоқ. Қала тұрғындары жұдырықтай жұмылды, сүйікті қаласын қорғап қалу үшін бірікті. Әрине, содырлардың мұндайды күтпегені айдан анық», – деді ол.

Похожие материалы