Нұр-Сұлтан. 14 шілде. 7kun.kz – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында жол сапасын сынға алды, деп хабарлайды 7kun.kz.
Биыл 11 мыңнан астам шақырым жолға әртүрлі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Ол үшін мемлекеттік бюджеттен 600 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді.
«Жөндеу жұмыстарын созбалаңға салуға болмайды. Жобаларды жүзеге асыру барысын қатаң бақылауға алу қажет. Жолдың сапасына айрықша назар аудару керек. Еліміздің жолдары нашар екені және жол құрылысы саласын жемқорлық жайлағаны ешкімге жасырын емес. Тіпті, басқа жерді айтпағанның өзінде Ақордаға апаратын жолдың өзі жамау-жамау құрақ көрпеге ұқсайтын болды», - деді Тоқаев.
Президент жол саласында шешімін таппаған мәселе көп екенін айтты. Оның айтуынша, тендерді жыл сайын бірді екілі компания ғана ұтып алады және мұндай жағдайдың қайталанып жатқанына ондаған жыл болды.
«Жарты жыл өтті. Ал жол жөндеуге бөлінген қаражаттың 44 пайызына мемлекеттік сатып алу қорытындысы жасалған жоқ. Бұл жұмыс Павлодар, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарында өте баяу жүргізілуде», – деді Тоқаев.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қазақстанда жол құрылысына қажетті материалдың бәрі бар екенін, бірақ отандық өндірістің әлеуеті толық қолданылмайтынын айтты.
«Мұны, қолдан жасалған тапшылық деуге болады. Мысалы елімізде битум өндіретін үш зауыт бар. Соған қарамастан 200 мың тонна битум жетіспейді. Құрылыс қарқынды жүрген кезде оның бағасы үш есе, яғни бір тоннасы 90 мыңнан 250 мың теңгеге дейін қымбаттайды», – деді президент.
Ол үкіметке жол құрылысына қажетті ресурстарды өндіру және тұтыну барысын мұқият қарауды тапсырды.
«Соның негізінде құрылыс материалдарын шығаратын жаңа кәсіпорындар ашу қажет. Ал жұмыс істеп тұрған нысандарды жаңғырту керек» , - деді Тоқаев.