Астана. 12 желтоқсан. 7kun.kz – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет жұмысына көңілі толмайтынын айтты, деп хабарлайды 7kun.kz.
Үкіметтің кеңейтілген отырысына қатысқан президент келесі жыл биылғыдан қиын болатынын айтты. Ол халықтың Үкіметтің де, барлық деңгейдегі әкімдердің де жұмысына шағым айтып жатқанын атап өтті.
«Өкінішке орай, жағдай ушығып, халықтың өмір сүру сапасы төмендеп барады. Азаматтардың, ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы үшін аса маңызды инфрақұрылымның тозығы жеткен. Мұндай жағдайда жай отыруға болмайды. Өйткені мұндай жағдай барлығына қауіп төндіреді. Оның үстіне, келесі жыл қазіргіден де күрделі әрі қиын болуы мүмкін», – деді Тоқаев.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Үкімет жұмысын сынға алды.
«Ашығын айтуымыз керек, биыл Үкімет тап болған сын-қатерлерге қарсы тиімді жұмыс істей алмады. Қойылған міндеттер толыққанды орындалған жоқ. Ал кейбір бағыттар бойынша мүлде жұмыс жасалмаған. Мәселен, әбден ескірген, қажеті жоқ нормативтік актілерді жою керек екені осыған дейін де бірнеше рет айтылды, Үкіметке тиісті тапсырмалар да берілді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев
Оның айтуынша, соның кесірінен министрлер және мекеме басшылары өздігінен әрекет етіп, жедел шешім қабылдай алмайды.
«Бітпейтін жиналыстарға, құжатты келісу жұмысына өте көп уақыт кетеді. Министрлік және ұлттық компания басшылары нақты шешім қабылдауға келгенде, өздеріне жауапкершілік алудан бастарын алып қашады. Ал тұтас елдің, халықтың тағдыры сол маңызды шешімге байланысты болып жататыны, өкінішке қарай, ескерілмейді. Үкімет пен Президент әкімшілігі арасындағы өзара іс-қимыл дұрыс жолға қойылмаған», – деді президент.
Президенттің айтуынша, Үкіметтің негізгі міндеті – еліміздегі экономикалық мәселелерді шешумен айналысу.
«Бұл – Үкімет мүшелерінің, әкімдердің, ұлттық компания басшыларының тікелей жауапкершілігі. Сондықтан мен премьер-министр Әлихан Асханұлы Смайыловтан шынайы жауап алғым келеді. Жаңа жылға Үкіметтің осы құрамымен аяқ басуға бола ма?», – деді Мемлекет басшысы.
Тэги:
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024