Алматы. 31 қаңтар. 7kun.kz – Елорданы дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астана әкімдігіне LRT құрылысын тездетіп аяқтауды тапсырды. Бұл туралы ҚР президентінің баспасөз қызметі хабарлады.
«LRT-ға қатысты жұмысты мейлінше тездетіп аяқтау керек. Мен бұрын да айттым, LRT жобасы негізінен қате болды. Бірақ қазіргі таңда басқа амалымыз жоқ, бұл жобаны жүзеге асыруымыз керек. LRT-ның құрылысын тоқтатсақ, шығын одан да көп болады. Ал, балама жобалар жоқ», – деді Тоқаев.
Президент қала ішінде адам көп жүретін бағыттарды анықтап, автобустың жиі қатынауын қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырма бергенін атап өтті.
«Бірақ тұрғындар әлі күнге дейін аялдамада жарты сағат бойы тұруға мәжбүр. Тіпті, кейде жолаушылар автобусқа сыймай жатады. Қазір Астанаға 400-ден астам автобус жетіспейді. Алдағы бес жылда бұл тапшылық 2 есе артуы мүмкін. 400 аялдамада автобус тоқтайтын арнайы орын қарастырылмаған. Ал 300 аялдамада жабық павильон жоқ. Бұл мәселе, әсіресе, қыс кезінде өте өзекті», – деді ол.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы ұзақ жылдар бойы үшінші жылу электр орталығын пайдалануға бере алмай жатқан Астана әкімдігін сынады. Президент үкіметке әкімдікпен бірлесіп осы жылдың соңына дейін ЖЭО-3-тің бірінші кезегін іске қосып, екі газ қазандығының құрылысын аяқтауды тапсырды.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024