Астана. 21 қыркүйек. 7kun.kz – ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа үндеу жолдады. Ол биыл 20 қарашада өтетін кезектен тыс президент сайлауы отандық және шетелдік байқаушылардың қатысуымен әділ әрі ашық өткізілетінін айтты, деп хабарлайды 7kun.kz.
«Мен Жолдауымда бірқатар ауқымды әлеуметтік-экономикалық шаралар қолға алынатынын жарияладым. Біз оның бәрін жақын арада жүзеге асыруымыз керек. Көп ұзамай қоғамға сайлау алдындағы тұғырнамамды ұсынамын. Онда әлеуметтік-экономикалық дамуды көздейтін жаңа бастамалар айтылады», – деді Тоқаев.
Президент азаматтарды жауапкершілігін сезініп, демократия, заң және тәртіп қағидаттарын берік ұстануға шақырды.
«Мен Мемлекет басшысы ретінде сайлау науқаны қатаң түрде заңға сәйкес өтетініне кепілдік беремін. Оны отандық және шетелдік байқаушылардың қатысуымен әділ әрі ашық өткізетін боламыз», – деді президент.
Сондай-ақ президент саяси жүйені өзгертудің маңыздылығын атап өтті.
«Мен Жолдауымда сайлау мерзімін жария түрде және ашық айттым. Осылайша, біз басты мемлекеттік институттар – Президент, Парламент, Үкімет және мәслихаттардың бәрін біртіндеп қайта құрамыз. Осы бастамалар жарияланғаннан бері бір айға жуық уақыт өтті. Бұл – барлық мәселені байыппен талқылап, жағдайды бағамдауға жеткілікті мерзім. Халық біздің саяси жүйені өзгерту туралы жоспарымыздың мән-маңызын жақсы түсініп отыр», – деді Тоқаев.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024