Алматы. 15 шілде. 7kun.kz – Мемлекет басшысы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Склярға тұрғын үй мәселесін тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
«Жалпы тұрғын үй мәселесін сіз үнемі бақылауда ұстауыңыз керек. Тұрғын үй мәселесі - біздің мемлекетіміздің ең өткір және өзекті әлеуметтік проблемасы. Бұл мәселенің соңғы уақытта қалай шиеленіскенін көріп отырсыз, оны тұтастай алғанда қалай шешуге болатыны жөнінде нақты ұсыныстарды беріңіз», - деді Қ.Тоқаев Р. Склярға қаратып.
Президент белгілі бір адамдар тарапынан тұрғын үйге қатысты талаптар барын, бірақ бұл мәселе өз шешімін таппай жатқанын айтты.
«Бұл мәселелерді шешу үкіметке байланысты. Сіздің министрлігіңіз көп бейінді болған соң бірқатар мәселемен айналысады. Дегенмен тұрғын үй мәселесі министр мен Үкіметтің тұрақты қадағалаунда болуы тиіс», – деді Тоқаев.
Скляр 7 жыл ішінде 40 мың көп балалы отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілетіндігін еске салды. Ағымдағы жылдың мамыр айынан бастап 1610 көп балалы отбасына тұрғын үй берілді.
Сондай-ақ, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастарға жыл сайын 3 мың жалдамалы пәтер беру жоспарланып отыр.