Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Тоқаев: Жыл басынан бері терроризмді насихаттаған 42 адам ұсталып, екі терролық актінің алды алынды

Тоқаев: Жыл басынан бері терроризмді насихаттаған 42 адам ұсталып, екі терролық актінің алды алынды

Нұр-Сұлтан. 13 шілде. 7kun.kz Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 30 жылдығына арналған салтанатты жиынға қатысты. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Мемлекет басшысы ұлттық қауіпсіздік органдарының екі мыңыншы жылдары терроризм мен радикалды діни экстремизмге қарсы күреске қосқан үлесіне тоқталды. Сондай-ақ Сыртқы барлау қызметінің ұлттық мүддені қорғау жолында өз міндетін табысты орындап келе жатқаны және Комитеттің «А» арнаулы қызметі мен Шекара қызметінің жұмыстары туралы айтты.

«Жыл басынан бері Комитет қызметкерлерінің тиімді жұмысының арқасында экстремистік әрекеттерге қатысқан және терроризмді насихаттаған 42 адам ұсталды. Екі терролық актінің алдын алды. Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес қарқынды жүргізілуде. Ұлттық қауіпсіздік органдары полициямен бірлесіп, бірқатар аса қауіпті қылмыстық топты құрықтады, бандиттік ұйымдардың 22 мүшесі тұтқындалды. Нәтижесінде 700-ге жуық қару-жарақ, 54 граната, 17 мыңнан астам оқ-дәрі тәркіленді. Жарты жылдың ішінде елімізде 15 есірткі лабораториясы, 23 халықаралық және 40 аймақтық есірткі каналдары жойылды, 3 есірткі плантациясы әшкереленді. Шетелдік серіктестермен бірлесіп, халықаралық есірткі тасымалына қарсы күрес аясында 14 халықаралық арнайы операция жүзеге асырылды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының сөйлеген сөзінде келтірілген деректерге сәйкес Қазақстан шекарашылары шекара және аумақтық сулар режимін бұзған 7 мыңнан астам адамды ұстаған. Жалпы құны 8 миллиард теңгеден асатын валюта, алтын және басқа да тауарлардың заңсыз тасымалының жолы кесілген. Сонымен қатар арнаулы қызмет еліміздің ақпараттық қауіпсіздігін сенімді қамтамасыз етуде. Еліміздің маңызды инфрақұрылымдық нысандарына жасалған 1,5 мың DDoS шабуылына сәтті тойтарыс берілді.

«Ұлттық қауіпсіздікті қорғау ісі көбінесе ел назарынан тыс жүргізіледі. Оны көпшілік біле бермейді. Дегенмен, сіздердің жұмыстарыңыздың  мән-маңызы айрықша.  Шынайы патриотизм атақ үшін емес, Отан үшін елге адал қызмет етуден көрінеді. Біз ел мүддесін қорғау жолында құрбан болған қаһармандарды ешқашан ұмытпаймыз. Олардың ерлік істері жұртқа жарияланбайды. Бірақ есімдері Ұлттық қауіпсіздік қызметінің жылнамасына алтын әріппен жазылады. Комитет ардагерлеріне көп жылғы еңбегі үшін зор алғыс айтамын», – деді президент.

Президент күшейіп келе жатқан геосаяси шиеленіс, бұрын-соңды болмаған санкциялық текетірес, гибридті қақтығыстардың таралуы ұлттық қауіпсіздікке жаңа сын-қатерлер қаупін төндіреді деп санайды. Оның пікірінше, қарқынды жаһандану мен жаппай технологиялық төңкеріс елдер арасындағы шекараның ашық болуына әкеп соқтырды. Мемлекеттердің бір-біріне тәуелділігі артады және мұндай жағдайда Қазақстанның ақпараттық және әлеуметтік-мәдени кеңістігіне сыртқы күштердің ықпалы күшейе түседі.

Похожие материалы