Toyota Motor Corporation - әлемнің ең ірі машина жасау, сондай-ақ қаржылық қызмет көрсететін және қосымша бірнеше бизнес бағыттары бар корпорация. Штаб-пәтері - Жапонияның Тойота қаласында, Айчи аумағында орналасқан.
«Toyota» жапондық автомобиль компаниясы 1933 жылы тоқыма станоктарын дайындаумен айналысатын Toyoda Automatic Loom Works зауытының бөлімшесі ретінде құрылды. 1929 жылы компанияның болашақ иесі Киичиро Тойода Еуропа мен АҚШ-қа машина өнеркәсібімен танысуға сапар жасады. 1930 жылы компания иесі Сакичи Тойоданың ұлы Киичиро Тойода американдық үлгімен бензинді қозғалтқышты автомобильдер шығара бастады. Оның бірқатар өзгерген тегі фирманың сауда маркасы болды. Жапония Үкіметі Toyoda Automatic Loom Works компаниясының бұл бастамасын қолдады.
1934 жылы компания бірінші рет А типтегі қозғалтқыштағы жолаушы тасымалдайтын автомобиль шығарды, осы модель 1935 жылдың 1 мамырында пайдалануға берілді, осы жылы G1 жүк машинасы тамыз айында қолданысқа енді. АА маркалы көлігінің өндірісі 1936 жылы басталды. Алдыңғы моделдер Dodge Power Wagon және Chevrolet моделдеріне ұқсас болды.
Toyota Motor Co., Ltd.- 1937 жылы компания жеке көлік шығаратын компания ретінде тіркелді. Компанияны құрушының тегі «Тойода» болып аталатынына қарамастан, компанияға «Тойота» аты берілді. Себебі Жапонияда 8 саны сәттілік әкеледі деп саналады, ал катаканамен жазылған «Тоёта» атауы 8 сызықтан тұрды.
Екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында компания Жапония императорлығына жүк тасымалдаушы көлік шығарумен айналысты. 1947 жылы компания коммерциялық жолаушы тасымалдайтын көлік SA моделін шығарды. 1950 жылы Toyota Motor Sales Co деп аталатын сатумен айналысатын жеке компания құрылды. (Ол 1982 жылға дейін қызмет атқарды). Ал, 1956 жылы сәуірде Toyopet делдалдық жүйе құрылды. 1957 жылы Toyota Crown Америкаға экспортқа жіберілетін алғашқы жапондық автомобиль болды.
Toyota компаниясының өндірісі 1960 жылы қарқынды түрде дами бастады. Ең алғашқы «Тойота» маркалы автомобиль Жапония аумағынан тыс 1963 жылы Австралияның Мельбурн қаласында конвейерден шығарылды.
Компания жылына 5,5 миллион көлік шығарады. Ол шамамен әр алты секунд сайын 1 көлік. 2002 жылы Тойота компаниясы алғаш рет Formula 1 көліктер бәйгесіне қатысқан болатын.
Компанияның жұлдызды жылдары
1961 жылы Publica атты жаңа үлгідегі автокөлік жарық көрді.
1962 жылы Тойота өз тарихындағы миллионыншы көлікті шығарды.
1965 жылдан бастап АҚШ нарығына экспортталған Corona үлгісі Америка нарығында үлкен жетістікке жетіп, шет елдерінде сатылатын ең танымал жапондық көліктердің қатарына енді.
1966 жылы Тойота өз тарихындағы аса танымал көлік- Corolla үлгісін шығарды.
1970 жылы Celica үлгісі шығарылды.
1978 жылы Sprinter, Carina, Tercel Mark II үлгілерінің шығарылуы басталды.
1972 жылы Тойота компаниясының 10 миллионыншы көлігі конвейерден шығарылды.
1982 жылы Toyota Motor Co.Ltd. мен Toyota Motor Sales Co.Ltd. компаниялары қосылып, Toyota Motor Corporation-ды құрылды. Осы уақытта Camry үлгісінің шығарылуы басталды.
1983 жылы Lexus маркасы дүниеге келді.
1986 жылы Тойота компаниясы 50 миллионыншы автокөлікті шығарды. Corsa, Corolla II, 4Runner үлгілері жарық көреді.
1989 жылы Lexus LS400 және Lexus ES250 көліктері жарыққа шықты.
1991 жылы Тойота 70 миллионыншы вытокөлікті жасап шығарды.
1996 жылы 90 миллионыншы автокөлік шықты.
1997 жылы Prius-тан басқа Raum үлгісі шығарыла бастады. Avensis, Land Cruiser 100 үлгісінің жаңа буыны жарық көрді.
1999 жылы Тойотаның 100 миллионыншы көлігі халыққа ұсынылды.
2009 жылдың 1-қаңтарында Қазақстанда компания ресми жұмысын бастады.
2010 жылы Ресейде "Toyota Motor" компаниясы ресми түрде ашылды.
Тойота Қазақстанда
ТОО «Тойота Мотор Қазақстан» «Тойота Мотор Еуропаның» еншілес компаниясы болып табылады. Компания 2008 жылдың 20-мамырында Алматы қаласында құрылып, 2009 жылдың 1-қаңтарында өз жұмысын бастады. Компания президенті Эцуо Хасино. Компанияда 75-тей адам қызмет атқарады.
Тойота компаниясына он төрт делдалдық орталық қарайды, олар Алматы(3), Өскемен, Астана, Атырау, Ақтөбе, Қарағанды, Павлодар, Қостанай, Орал, Шымкент, Ақтау, Бішкекте орналасқан. Қазіргі таңда Қазақстан мен Қырғызстан нарығында Toyota автокөліктерінің 10 үлгісі бар: 3 жеңіл автокөлік – Camry, Corolla және Prius, 5 жол талғамайтын көлік – Land Cruiser 200, Land Cruiser Prado, Fortuner, Highlander и RAV4, пикап Hilux және Hiace шағын автобусы.
Әлемдегі ең ірі автокөлік өндіруші
2007 жылдың I тоқсанында Toyota Motor алғаш рет General Motors-қа қарағанда көп көлік шығарып, сатты. Бұған дейін GM «әлемдегі ең ірі автокөлік өндіруші» атауын 76 жыл бойы сақтап келген болатын. Бірақ, соңғы жылдары GM және өзге де автокөлік компаниялары нарықтағы өз көліктерінің санын қысқарта бастады, себебі ол жерді басты бәсекелес Toyota компаниясының көліктері жаулап алды. Сол жылдың 24-сәуірде компания I тоқсанда 2,37 млн автокөлікті нарыққа шығарып, 2,35 млн көлік сатылғанын хабарлады. Осылайша 2,34 млн автокөлік шығарып, оның 2,26 млн сатқан GM компаниясынан басып озды.
2009 жылдың мамырында компания жылды үлкен қаржылық шығындармен аяқтады. Бұл Тойота тарихында 1950 жылдан бері болмаған еді.
2012 жылдың мамырында Toyota тағы да бірінші орынға шығып, Volkswagen және General Motors-ты артта қалдырды.
2014 жылы Toyota 10,23 млн жаңа көлік шығарды. Бұл компания тарихындағы рекордтық «сан» болып табылады. Компанияда жаңа көліктер жобасын жүзеге асыру 2013 жылмен салыстырғанда 3%-ға жоғарылады. Осылайша, өткен жылы компания көлік сатудан тағы да бірінші орынды иеленіп, көшбасшы атанды. Екінші орында Volkswagen(10,14 млн көлік), үшінші орында General Motors(9,92 млн көлік) компаниялары тұр.
Компания басшылығы
2008 жылдағы компания акцияларының негізгі иелері:
- The Master Trust Bank of Japan (6,29 %),
- Japan Trustee Services Bank (6,29 %),
- Toyota Industries Corporation (5,81 %),
- 9 % —қазынашылық акция.
Компанияның төрағасы — Фудзио Чо. Президенті — Акио Тойода.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024