Алматы. 29 тамыз. 7kun.kz – «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) 50 млрд теңге сомасына 4 700-тан астам несиелік өтінімді қабылдады. Аталған бағдарламаға әсіресе Нұр-Сұлтан (791 өтінім), Алматы (615 өтінім) және Ақтөбе (529 өтінім) облыстарының тұрғындары белсенді түрде қатысуда, - деп хабарлайды банктің баспасөз қызметі.
Бағдарламаға қатысушылар тарапынан берілген 1 578 өтінім бойынша 16,2 млрд теңге сомасына несие беру жөнінде оң шешім қабылданды. Осылайша, «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысқан әрбір үшінші отбасы бүгінде өзінің болашақ баспанасын іздестіру үстінде. Бұл үшін оларға 3 ай уақыт беріледі. Пәтерді жаңа немесе қолданыстағы үйден сатып алуға болады. Сондай-ақ, жер үй алу мүмкіндігі де қарастырылған. Тұрғын үйді несие алушы баспана кезегінде тұрған аймақта сатып алуы тиіс.
Бүгінде осы әлеуметтік бағдарлама шеңберінде алғашқы 84 отбасы жаңа баспана иесі атанды. Өз үйіне қол жеткізіп, қоныс тойын атап өткендер саны, әсіресе, Алматы және Жамбыл облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласында басым.
Осы жылы аталған бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында республикалық бюджеттен 50 млрд теңге қаражат бөлінгендіктен, банк осы сомаға несиелік өтінімдерді толықтай қабылдады. Ал, жаңа өтінімдерді қабылдау 2019 жылдың 29 тамызында, сағ. 18:00-де тоқтатылады. Егерде бағдарламаға қатысушылар қандай да бір себептермен несие алудан бас тартса немесе дер кезінде баспана сатып алуға үлгермесе, онда Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі бөлінген сома шеңберінде қосымша өтінімдер қабылдайды. Бұл туралы бағдарламаның жүзеге асырылу қорытындысы шығарылғаннан кейін, яғни, 2019 жылдың 20 қазанында белгілі болады.
Биыл бағдарламаға қатысуға үлгермегендер, өтінімді келесі жылы бере алады. Өйткені, «Бақытты отбасы» бағдарламасы кемінде 2021 жылға дейін жүзеге асырылатын болады.
Естеріңізге салсақ, әлеуметтік бағдарламаға көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі отбасылар мен кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар толық емес отбасылар қатыса алады.
Оларға несие сомасының 10% мөлшерінде бастапқы жарна болған жағдайда несие жылдық 2% мөлшерлемемен 20 жылға дейінгі мерзімге беріледі.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024