Алматы. 1 тамыз. 7kun.kz - «Training Cafe» - мүмкіндігі шектеулі балаларға шексіз мүмкіндік сыйлайтын жер. Олай дейтініміз, адамдармен қарыс-қатынас, мейірім және жылу олар үшін аса маңызды. Бұл кафенің өзгелерден айырмашылығы - ақыл-есінде ауытқушылығы бар жастар қызмет көрсетеді.
«Training Cafe» - «Қазақстан психоаналитикалық қауымдастық» қоғамдық бірлестігінің жобасы. Ол жерде жұмыс істейтін жастар көбіне қоғамнан жырақ қалып, өз іштерінде тұйықталғандар. Десе де, кафенің ашылған 3 айының ішінде жағымды әсерлер байқалып жатыр. Жобаның көздегені де осы еді. Бұл жобаны Сорос-Қазақстан Қоры жарты жыл қаржыландырады. Яғни, қараша айында қаржыландыру тоқтайды. Бірақ, еріктілер мен кафе әкімшілігі бұл кафенің жабылғанын қаламайды. Бір барып көрсеңіз, неге олай екенін де түсінесіз. 7kun.kz тілшілері қайырымдылық шарасына барып келді. Ол жөнінде толығырақ төменде:
Кафенің іші өте жайлы. Тамақтанатын болсаңыз, сол жаққа өтіп отыра бересіз. Қызметкерлер сіздің қасыңызға келіп, не керегін, қосымша қандай ұсыныстар барын айтып береді. Санаулы сәт күткеннен кейін тамағыңыз да дайын болады. Бұл жерден түскі ас ішу - 600 теңге. Оның құрамына 1,2-тамақ, салат, нан және сусын кіреді. Ал, өзге тамақтары 300-700 теңге шамасында.
Былай қарасаңыз, қарапайым кафеден еш айырмасы жоқ. Тек... Көздері мейірімге толы жастары бұл жерді ерекшелендіреді. Олардың жастары 22-45 шамасында. Сырт көзге оғаш көрінуі де мүмкін. Десе де, олар да қоғамның бір бөлшегі. Тұтынушыларды күтеді, олармен тіл табысуды қалайды. Ондай жастар саны бастапқыда 20 болса, бүгінде 30-ға жеткен. Жоба ұйымдастырушыларының айтуынша, мақсат орындалып келеді. Өмірге құштарлық, бір іске бейімделу секілді процестер жүзеге асып жатыр. Бірі - даяшы, бірі - аспазға көмекші, ал енді бірі - аула сыпырады. Және де тегін емес. Кафеге адамдар көп келген күні 500 теңгеден, аз келсе, шамалы азырақ төлейді. Күніне 4-5 адам кешкі сағат 18:00 болғанша жұмыста болады. Түнге дейін істеу балалар үшін өте ауыр. Сол себепті, осы мезгіл ыңғайлы дейді кафе әкімшілігі. Орынды жалға алу құны - айына 1500 доллар.
Ас ішіп болсаңыз, назарыңызға ілінуі мүмкін тағы бірнеше жер бар. Мәселен, шағын кітапхана. Ол жерге қалаған адам кітабын тастап кете алады. Немесе, қайтармай-ақ үйіне алып кете алады. Кітап сөрелерінде түрлі талғамға сай көптеген кітаптар бар. Орыс тілінде де, қазақ тілінде де.
Одан бөлек, сол жердің қызметкерлері қолдан жасалған бұйымдарын көрме етіп қойған. Қаласаңыз, 500 не одан да көп қалаған сомаңызға сатып ала аласыз. 7kun.kz тілшілері барған сәтте көрме заттары өтіп кеткен. Десе де, қолөнерлерін көремін десеңіз, мархаббат!
Фуршетті ұйымдастыруға балалар ат салысқан. Айтар рахметіңіз болса, мына жер соған арналған:
"Ринго" тобы мен продюсері Алуа Қонарова қайырымдылық шарасына қонақ боп келді. Кешті ойынмен бастауды жөн көрдік. Көпшілік білетін "Қолтырауын" ойынын жасы да, кәрісі де қалмай ойнап, кірісіп кетті. Ойын шартын дұрыс орындап, сөзді тапқан уақыттағы көздеріне ұялаған қуаныш пен мақтаныш сезімін сөзбен жеткізе алмаспыз.
Екі топқа бөлініп ойнаған ойынның соңында достық жеңіске жетіп, дастархан басына жиналды. Өзара танысып, кафе туралы мәліметтер берілді. Сөз соңында бұл жердің алдағы уақытта жабылуы мүмкін екендігін естідік. Жиналған жұрттың жүректері дір етті.
Сорос-Қазақстан Қоры қараша айына дейін қаржы құяды. Одан кейін өзін-өзі ақтап, алып кетуі тиіс. Қызметкерлердің жалақысы, орынды жалға алу, коммуналдық қызмет ақылары, азық-түлік секілді бір орынға қойылмаған мәселелер жетерлік. Көмек сұрап, талай орынға да барған көрінеді. Көп жер келісімін бермеген. Енді әкімшілік қарапайым халықтан көмек күтеді. Бүгін, яғни 1-тамыз күні сағат 13:00-де Кеңес өткізілмек. Кімнің қандай көмегі тиеді, алдағы жоспарлар талқыға салынады. Бәлкім, бірі дизайн жағынан, енді бірі асхана жұмыстарына көмектесе алатын болса, құба-құп. Осындай жақсы жобаның ғұмыры қысқа болмаса екен деп тілейді жоба авторлары.
Мұндай орындар әлемдік тәжірибеде көптеп кездеседі. Мәселен, мылқау кафе, инва-кафе сынды жерлер бар. Ол жерлерде де мүмкіндігі шектеулі жандар жұмыс жасайды. Сол себепті, барша Алматылықтарды мейірімді болуға шақырамыз. Бірлесіп, осы істің жалғасуына себепші болайық!
Кафенің мекен-жайы: Алматы қаласы, Айманов көшесі, 202 (Жандосов көшесінің қиылысы).
Жұмыс уақыты: 10:00 — 18:00.
Байланыс телефондары: +7 701 122 39 93
Дайындағандар: Жадыра Аққайыр "7"
Фотограф: Айбек Емберген "7"
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024