Алматы. 2 сәуір. 7kun.kz - АҚШ президенті Дональд Трамп бір аптада екі рет әлемдегі ірі интернет-дүкен Amazon-ның жұмысын сынға алды. Ол бұл туралы өзінің твиттердегі парақшасында жазған.
31 наурызда Президент Amazon-ның жеткізу қызметі кесірінен америкалық пошта қызметінің шығыны әрбір сәлемдеме үшін орта есеппен 1,5 доллар екенін айтты. Ол бұл сома «миллиардтаған доллар» саналатынын айтып өтті.
Трамп «пошталық қызметпен алаяқтықты доғаруды» жоспарлап отыр. Оның пікірінше, Amazon «нақты баға бойынша өтеуге және дәл қазір салықтарды төлеуге міндетті». Сонымен қатар, Трамп Washington Post газетін «фейк» деп атады (ол Amazon негізін қалаушы Джефф Безосқа тиесілі).
Естеріңізге сала кетейік, 29 наурызда, АҚШ президенті Amazon компаниясын салықтарды толық төлемегені үшін айыптаған болатын.
«Amazon басқа компанияларға қарағанда, салықты не мүлдем төлемейді, не төлесе де, толығымен өтемейді дейді. Пошта қызметін «курьерлік» қызметте пайдаланып, елге көп шығын түсіріп жатыр. Сондай-ақ, басқа бөлшек саудагерлерді бизнестен шығарып тастап отыр», - дейді ол.
Президенттің алғашқы сын-ескертпесі аясында, Amazon-ның капитализациясы 53 млрд долларға азайып, 29 наурызда сауда-саттық аяқталғаннан кейін 700,7 млрд долларға жетті. Ал, жұмада АҚШ-та католиктік Пасха қарсаңында сауда болмады.
Бұған дейін Axios, Трамптың Amazon-ға қатысты салық режимінде өзгерістер пайда болатынын айтты.
Сондай-ақ, 2017 жылдың тамыз айында АҚШ президенті Amazon компаниясы америкалықтарды жұмыс орнынан айырып жатқандығын сынға алған болатын.