Алматы. 30 шілде. 7kun.kz – Қазақстан аумағы бойынша 2018 жылдың алғашқы жартыжылдығында 1861 контейнерлік пойыз жүріп өтіп, 180 мың ДФЭ тасымалданған, бұл 2017 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткішпен салыстырғанда 52%-ға көп, деп хабарлайды «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі.
Өсімге мына бағыттар бойынша қол жеткізілген: Қытай-Еуропа - 38%-ға, Еуропа-Қытай - 55%-ға, ҚХР-Өзбекстан - 66%-ға, Ресей-Өзбекстан - 86%-ға, Өзбекстан-Ресей - 63%-ға артқан. Қытай-Еуропа-Қытай бағытына контейнерлік пойыздардың жалпы санының 66 %-ы тиесілі.
«Алғашқы жартыжылдықта аталған бағытта орташа есеппен тәулігіне 7 контейнерлік пойыз жүргізілген. Қарбалас кезең – 4 тоқсанда тәулігіне орташа есеппен 14-16 пойыз өткізу күтілуде»,-дейді «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ интеграциялық жоспарлау және ақпараттандыру бойынша вице-президентінің м.а Сағындық Жұмабаев.
Қазақстан аумағы бойынша контейнерлік пойыздар қозғалысының орташа бағдарлы жылдамдығы тәулігіне 941 км-ді құрады, сөйтіп өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда тәулігіне 53 км өсімге қол жеткізілді.
«Қазақстан аумағы арқылы транзиттік бағдарлардың тартымдылығын арттыру үшін бірқатар артықшылықтары бар Алашанькоу-Достық теміржол өткелінен Қорғас-Алтынкөл өткеліне дейінгі контейнерлік ағымды қайта бағдарлау бойынша жұмыстар жүргізілді. Достық станциясының контейнерлік жүктері бойынша өңдеу қабілеттілігі тәулігіне 760 ДФЭ-ні құраса, Алтынкөл станциясында ол – тәулігіне 5000 ДФЭ-ден көп. Соған қоса Достық станциясында және соған қарасты телімдерде секундына 25 м-ден көп жел қарқыны бар күрделі метеорологиялық ахуал жұмысқа қиындық келтіреді», - деп атап өтті. С. Жұмабаев.