Экономика
Цифрландыру жобалары арқылы Қазақстан 380 млрд теңге пайда табады
Алматы. 3 мамыр. 7kun.kz - Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында транспорт пен логистиканы цифрландыру туралы инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек баяндады деп жазады primeminister.kz.
Министрдің айтуы бойынша, цифрландыру асында жасалған жобалар 2023 жылға қарай 380 млрд теңге көлемінде экономикалық пайда алып келеді.
«2023 жылға қарай жобалардан түсетін жалпы экономикалық тиімділік 380 млрд теңге болады деген жоспарымыз бар», — деді Жеңіс Қасымбек.
Жеңіс Қасымбектің айтуынша, халықаралық тәжірибе негізінде Зияткерлік көлік жүйесінің (ЗКЖ) сегіз базалық компоненті айқындалған. Республикалық деңгей төрт негізгі жүйеден тұрады.
Ақы алу және жинау, жолаушыларды жол жағдайы туралы ақпараттандыру жүйесі енгізіліп жатыр. Биыл жалпы ұзындығы 469 шақырым болатын Астана — Теміртау, Алматы — Қапшағай және Алматы — Қорғас учаскелерінде төлем жүйесін енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Сонымен бірге, мобильді қосымшаны әзірлеу, жол жүру кезінде байланыссыз төлем алу үшін RFID белгілерді және де бейне камераларды, метеорологиялық өлшеу құралдарын, жүргізушілерге арналған ақпараттық тақталарды орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Арнайы автоматтандырылған өлшеу құралдарын (ААӨҚ) қолданған елдердің тәжірибесі көрсетіп отырғандай, жүйені енгізудің бірінші жылында құқық бұзушылық фактілері 50–80%-ке төмендеген. Биыл осындай 12 жүйені іске қосу және 2020 жылға қарай оның санын 46-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр.
«Жол қозғалыстарын басқару жүйесі» бағдаршамдардың дыбыстық басқару көмегі арқылы қиылыстардан өту мүмкіндіктерін арттыруға арналған.
«Тұрақтарды басқару жүйесінің» басты функциясы — жалпы жол-көлік жағдайын қалыпқа келтіру үшін үлкен қалалардың тұрақ орындарын пайдалануды оңтайландыру.
«ЗКЖ жобаларынан басқа, азаматтық авиация мен теміржол салаларында белгілі бір бағыттар мен процестерді цифрландыру жобалары бар», — деді Ж. Қасымбек.
«Теміржол көлігі саласында «Қазақстан темір жолы» ҰК 2018–2022 жылдарға арналған «Цифрлық теміржол» бағдарламасын қабылдады. Бағдарлама аясында негізгі 4 бағыт бойынша 21 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.
ЗКЖ енгізу және көлік салаларын цифрландыру келесі көрсеткіштерге қол жеткізуге ықпал етеді:
- Жолдағы көлік апаттары санын 8-10%-ке азайту;
- Жолдағы жүру уақытын 20%-ке қысқарту;
- Ақпаратқа қолжетімділікті 70%-ке көтеру;
- Зиянды шығындарды 24%-ке азайту.