Енді қазақстандықтар пәтерлерін несиеге жылдық 2% мөлшерлемемен сатып алу мүмкіндігіне ие болады. Ол үшін қаражатты балалық шақтан бастап жинақтай бастаған жөн.
«Арнау» депозитінің ең төменгі жинақтау мерзімі 10 жылды құрайды. Осы уақыт ішінде салымшы өз шотында болашақ пәтер бағасының 50%-ын жинауы қажет. Оның жинаған қаражатына жыл сайын жылдық 2% мөлшерінде банк сыйақысы мен 20% көлемінде мемлекет сыйлықақысы түседі (200 АЕК-тен аспайтын сомаға есептелінеді). Осының есебінен, депозиттің кірістілігі бір жыл ішінде жылдық 6%-ға дейін жетеді.
Ең аз жинақтау мерзімі өткеннен кейін, «Арнау» депозитінің иесі жылдық мөлшерлемесі 2%-ды құрайтын тұрғын үй заемын ала алады. Заем тек кәмелет жасына жеткен, яғни, 18-ге толған және одан асқан балалардың атына рәсімделеді.
-Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде бұған дейін де сәби дүниеге келісімен оның болашақ үйіне ақша жинау үшін шот ашуға болатын. Бүгінде банкте дәл осындай 140,8 мыңнан астам шот бар. Енді, міне, клиенттерімізге тиімдірек болу үшін, біз балалар депозитін бөлек бір өнім ретінде ұсынуды жөн көрдік. «Арнау» депозиті бойынша берілетін несие мөлшерлемесі 2%-ға дейін төмендетілген. Бұл депозит иелері үшін – қажетті қаражатты жинақтап, жас кезден-ақ баспаналы болудың тамаша мүмкіндігі. Дәл осындай 2%-дық төменгі мөлшерлемемен бүгінде тек «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында ғана несие беріледі. Алайда, оған барлық азаматтар қатыса алмайды. Ал «Арнау» депозиті болса, барша қазақстандықтар үшін қолжетімді. Балалар тез өседі. Олардың шотына қазірден бастап ақша сала бастасақ, кемінде 10 жылдан кейін бастапқы жарнаны да жинап қоюға болады. Ал бала есейген кезде, табысы көп болмаса да, ең төменгі мөлшерлемемен пәтер сатып ала алады, - дейді Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің депозитінде қаражатты жоспарлы түрде жинаған барлық салымшылар мен «Арнау» депозитінің иелері жеңілдетілген процедура бойынша өздерінің төлемқабілеттіліктерін растай алады. Бұл еңбек жолын жаңа бастаған жастар үшін аса маңызды.
«Арнау» депозитін сәбидің атына тек баланың заңды өкілдері (ата-анасы, қамқоршысы) ғана аша алады. Ал оған қаражатты баланың ата-анасы мен қамқоршысынан бөлек, оның әжесі, атасы, ағалары мен әпкелері, тіпті, ұйымдар да толықтыра алады. Бұған қоса, «Арнау» депозитін табыстауға немесе оны басқа депозиттермен қосуға, сонымен қатар, оған өзге тарифтік бағдарламалардан ауысуға болмайды.
«Арнау» депозитін ашу үшін, банк бөлімшесіне бару немесе банк кеңесшілеріне хабарласу қажет.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024