Туристік маусымның аяқталуына әлі бір ай бар. Асыққан демалысқа шыға сала, мүмкіндігіңізше теңіз жағасына баруға асығатыныңыз анық. Туристік маусым әлі де "қан базар" болып тұрғандықтан, барынша абай болуды қажет етеді. Дегенмен "арзан бағаға естен кетпес демалыс" сатып алып, соңында елге қайтуға үйден қосымша қаржы күтпес үшін бірнеше кеңестер ұсынамыз. Турфирмалар таңдағанда қалай алданып қалмауға болады?
Турфирмалар жеңілдіктен басталмайды!
Ғаламторды ақтарып отырып, "әрбір клиентке жеңілдік" деген тәрізді жарнамаға тап болуыңыз оңай. Нағыз бәсекелестік уақыты, әрбір клиентті бос жібермеу керек. Әрине, бірақ мұндай артықшылықтар да бірінші кезекте күдік турдыруы қажет.
Брондау кезінде берілетін акциялар және сіз хабарласқан кезде туроператорлар өздері ұсынатын жеңілдіктер болады. Жалпы жеңілдіктер оңды-солды шашыла бермейді. Өз-өзін сыйлайтын турфирма сізді қызмет сапасымен, мінсіз серіктестікпен таңқалдыруы тиіс. Осыған қарамастан сатып алған турыңызды үйге немесе кеңсеге жеткізіп береміз десе, тіпті бас тарту қажет.
Туристік маусым кезінде "біркүндік" фирмалар көп болады. Олар үйде компьютерде отырып-ақ жолдама сата беруі мүмкін. Бір сәтте жабылып, мекен-жайын ауыстырып жібере салады. Шағым жазудан бұрын, өздерін табу мұң болады. Қысқасы, "батпан құйрық, айдалада жатқан қандай құйрық?"
Сарафанды радио
Турфирмаларды таңдауды таныстардың кеңесінен бастаған жөн. Бұл - әрдайым сенуге болатын ақпарат көзі. Әрине, сіз қалтқысыз сенетін болсаңыз. Олардан қандай агенттік арқылы демалғанын, қайсысының сапалы екендігін, қанша қаражат кеткендігін толығымен сұрап алыңыз. Турфорумдар да тамаша кеңес бере алады. Тәжірибелі туристер бұл жүйенің қитұрқы тұстарынан толығымен хабардар.
Кеңсеге бармас бұрын, турфирмаға телефонмен хабарласып, қажетті ақпараттың барлығын білуге болады. Бұл жерде көңіл аударарлық тұстар бар. Компания мамандарының сізбен қаншалықты сауатты сөйлесіп жатқандарына, қаншалықты ақпаратқа ие екендігіне назар аударыңыз. Көбінде турфирма менеджерлері "Бұл жақсы қонақүй" деген сияқты жаттанды фразаларды қолдануы мүмкін. Қойған сұрақтарыңызға нақты жауап алуға тырысыңыз. Беделіне мән беретін компаниялар әрдайым сізбен сыпайы сөйлесіп, сізге қажеттінің барлығын анықтап алады. Тек кеңсеге келіп, турды төлеу ғана қалады.
Кеңсеге де мән беру қажет
Турагенттік кеңсесі шынайы болуы қажет. Қай жағынан алғанда да. Каталогтардың, кәдесыйлардың, тұтынушы бұрышының, арыз-шағым кітаптарының болуы - фирманың нарықта сәтті жұмыс істеп тұрғандығының кепілі.
Табысты компаниялар түрлі акциялар өткізіп, әлеуметтік желі де белсенділік танытып отырады. Бірақ аталған талаптар да сізге 100 пайыз кепілдік бере алмайды. Осыған дейін нарықтағы ірі ойыншылардың банкроттыққа ұшырағаны туралы да хабарланған еді. Қажет болса мекеменің құжаттары мен сертификатын талап ете аласыз.
Келісім-шартты мұқият оқу, мұқият оқу және мұқият оқу
Сіздің алдағы 10 күндік демалысыңыздың қалай өтетіндігі дәл осы пунктке байланысты. Турды таңдап, қол қою үшін алдыңызға келісім-шарт келеді. Ал ол майда шрифтімен 4 бет толтырылып жазылған. Менеджер "мұны оқу міндетті емес, біздегі барлық келісім-шарттар стандартты" дейді. Қолыңызды бір сілтеп, заңдық тұстарын елеусіз деп есептеп, қол қоясыз. Ал өтемақы талап еткенде, бұл келісім-шарт сізге қарсы мықты қару болады.
Назар салыңыз, суретте 3 түрлі фирма бар. Келісім "Капитал-тур" ЖШС-мен бекітіліп, "Капитал-тур Владимир" ЖШС директоры қол қойған. Ал мөр "Капитал-тур Иваново" ЖШС-ға тиесілі. Қай фирманы сотқа бересіз? Сондықтан, келісім-шартты барынша зер салып, оқу қажет.
Сізге менеджер айтқан барлық жағдайлардың құжатта көрсетілгендігіне назар салыңыз. Көп жағдайда сіздің бөлмеңіз 3-қабатта емес, бірінші қабаттағы жалпы корпуста болуы мүмкін. Кейде келісімде "турист қонақүйді ауыстыруға қарсы емес" деген фраза кездеседі. Қонақүй біріншісіндегідей жұлдызды болғанымен, сізге көрсетілетін қызмет түрі нашар болу мүмкін.
Туристер жолдама сатып алған кезде уәде берілген талаптардың орындалмағанына, номердің типіне, теңізге дейінгі қашықтыққа шағым айтады. Сондықтан келісім-шартқа қол қоятын кезде барлық детальді нақтылап алу қажет.
Келісім-шарттан кейін
Туристік қызметтің негізі туралы Заң бойынша келісім-шартта туроператор немесе турагенттік туралы (лицензия (мерзімі, номері), заңды мекен-жайы, банк реквизиттері), жолдама туралы (баратын елі, бағдарлама, орналасу шарты), саяхаттың басталу және аяқталу мерзімі, туристерді алып жүру тәртібі, әуекомпания атауы, жолдама бағасы, келісім-шартты бұзу талаптары, туристердің шағымдарын қабылдау шарттары туралы толық ақпарат болуы қажет.
Құжатқа қол қойғаннан кейін туристің қолында келісімнің фирма басшысының шынайы қолы мен мөрі басылған көшірмесі, тур төлемін нақтылайтын құжат, жолдама, әуебилеті, виза мен төлқұжат, баратын елі туралы ақпараттық қағаз, медициналық сақтандыру болуы қажет. Егер ағылшын тілін білсеңіз, сол елдегі туроператордан арзан бағаға жолдама сатып алуға болады. Бұл жерде жоғарыда айтылған турфорумдар көмекке келеді.
Қанша тексергеніңізбен де, қонақүй сізге уәде бергендей болмай шықты. Сол жерде шағым жазып, туроператор немесе қонақүй өкіліне барыңыз. Арызыңызда шағым себебі мен моральді шығынның сомасы көрсетілуі қажет. Көп жағдайда талап еткен қаржы қайтарылады.
Ал турфирма ізім-ғайым жоғалып, телефон тұтқасы жауапсыз қалса, жоғарыда айтылғандар ескерусіз қалды дегенді білдіреді. Сол елдегі Қазақстан елшілігіне және тікелей экономикалық қылмыспен күрес бөліміне хабарласуға кеңес береміз.
Әрдайым түйсігіңізге сеніп, кез-келген ұсынысты салқынқандылық сүзгісінен өткізіңіз.
Дайындаған Ақсәуле Әбітай "7"
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024