Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Учаскелік полиция қызметкері өртенген үйдің иесін құтқарып қалды

Учаскелік полиция қызметкері өртенген үйдің иесін құтқарып қалды

Алматы. 7 қараша. 7kun.kz — Алматы облысында ауылдық учаскелік полиция қызметкері өртеніп жатқан пәтерден әйел адамды құтқарып, өрттің одан әрі тарауына жол бермеді. Бұл туралы Алматы облысы ПД баспасөз қызметі хабарлады.

Аталған дерек Текелі қаласына қарасты Рудничный ауылында орын алды. 6 қараша күні учаскелік полиция инспекторы полиция капитаны Ербол Аманбаевқа көп пәтерлі үйлердің бірінде өрт шықты деген хабарлама түскен. Оқиға орнына шұғыл келген полицей өрт сөндірушілерді күтпей, пәтер есігін бұзып кірген. Ойланбастан түтінге тұншығып қалған 59 жастағы пәтер иесін далаға алып шыққан. Өртеніп жатқан пәтердегі газ толы баллонды далага  шығарып, үлкен жарылыстың алдын алған.

«Пәтер иесі Роза апай өртті өзі сөндіруге тырысқан тәрізді. Өйткені, ас үй мен жуынатын бөлме арасында дәлізде жатыр екен. Мен оны тез арада қауіпсіз жерге апардым. Мен жүгіріп кірдім де, ыстық газ балонды ажыратуға тырыстым. Болмаған соң, шлангты пышақпен кесіп, пәтерден шығардым. Қолымды да оңдырмай күйдіріп алдым. Өрт асүйден шыққан сияқты, себебі тоңазытқыш, жиһаздар мен қабырғалар өртеніп жатыр екен. Жуынатын бөлмеден су тасып, қолымнан келгенше шашып, өртті өшірдім», - деді Ербол Аманбаев.

Айта кетейік, Рудничный ауылының 1000 астам тұрғыны бар. Өрт шыққан жағдайда ауыл тұрғындары 50-60 шақырым қашықтықта орналасқан Текелі қаласынан көмек күтеді. 

«Ауыл таулы жерде орналасқандықтан, оған жету үшін біраз уақыт қажет. Осыны ескере отырып, учаскелік полиция қызметкерінің шұғыл әрекеті мен өрт сөндіру кезіндегі шеберлігін ерекше атап өтуге тұрарлық. Өртті сөндіруде капитан Ербол Аманбаев сол қолын күйдіріп алғанымен, медициналық көмек көрсеткеннен кейін қызметіне қайта оралды. Қазір әдеттегідей жұмысын жалғастыруда», - деп толықтырды Алматы облысы ПД баспасөз қызметі.

Похожие материалы