Экономика
Выбор редактора
ҰҚП кәсіпкерге көмек көрсетті
"Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы (ҰҚП) кәсіпкерге көмек көрсетті. Енді бизнесмен Руслан Валишанов қайтадан мемлекеттік сатып алуларға қатыса алады.
Палата заңгері Диас Оташбаев кәсіпкердің ісіне қатысты кезекті сотта жеңіп шықты. Бұл жолы Талдықорған қаласының құрылыс бөлімі «Шымыр» ЖШС-ін мемлекеттік сатып алулардың жауапсыз қатысушысы деп тану, шарт бойынша міндеттемелерді орындамағаны үшін 2 млн теңгеден астам сома мөлшерінде тұрақсыздық айыбын өндіру туралы шағыммен келді. Сонымен қатар мемлекеттік орган мемлекет кірісіне 551 370 теңгені өндіріп алуды көздеген. Компания директоры Руслан Валишановтың бірінші инстанциядағы сотта жеңіліс тауып, содан кейін Кәсіпкерлер палатасының көмегіне жүгінгендігін айта кеткен жөн. Істі тексере келе сарапшы мемлекеттік мекеме тарапынан орын алған бірқатар заңсыз әрекеттерді анықтаған. Содан соң апелляциялық шағым берілген.
Іс материалдары бойынша 2014 жылдың желтоқсан айында қаланың бір ықшам ауданындағы 60 пәтерлі коммуналдық үйдің құрылыс-монтаждау жұмыстары туралы шарт бекітілген болатын. Жалпы сомасы 382 788 963 теңгені құраған. Компанияға жұмысты 2015 жылдың тамыз айының соңына дейін аяқтау жүктелген. «Бірақ маусымда қосымша келісім бекітіліп, соған сәйкес жұмыстарды орындау мерзімі 31-қазанға дейін ұзартылған болатын. Алайда жұмыстар әлі күнге дейін аяқталмаған. Мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың шешімімен компания мемлекеттік сатып алулардың жауапсыз қатысушысы болып танылған. Бұл ретте сот талапкер үшін жағымсыз салдарлардың болмағандығын назарға алмаған, басқа мердігердің көріктендіру жұмыстарын аяқтамауы себебінен салынған үй тұрғын үй қорына өткізілмеген. Себебі шарт бойынша ол жұмыстарды 2016 жылы аяқтауы тиіс»,– деп атап өтті Оташбаев.
Сотта жауапкер жұмыстарды аяқтау мерзімінің бұзылғандығын растады. Алайда бұның өзіндік себептері бар, құрылыс бөлімі қаржыландыруды 64 күнге кешіктірген, екінші мердігер «Стройсервис-97» көріктендіру жұмыстарын дер кезінде аяқтамаған. Сондықтан ЖШС бұл нысанды тапсыра алмаған. «Аталған барлық жағдайларды ескере отырып, алқа бірінші инстанциядағы соттың талапкер әрекеттеріне қатысты тиісті бағасын бермегендігін, іс бойынша мемлекеттік мекеме үшін туындаған қандай да бір жағымсыз салдарлардың қаралмайтындығын айтады. Сондықтан соттың компанияның міндеттемелерді орындау мерзімдерін бұзуымен байланысты кінәсі туралы тұжырымдары дұрыс емес және шындыққа жанаспайды»,– деп түйіндеді сарапшы.
Палатаның заңды көмегінің арқасында «Шымыр» компаниясы сатып алулардың жауапсыз қатысушыларының тізілімінен шығарылып, бүгінде өз қызметін табысты түрде жалғастыруда.