«Вьетнам-Қытай-Қазақстан-Еуропа» трансконтиненталдық теміржол бағыты іске қосылды
Алматы. 6 наурыз. 7kun.kz – Қазақстанның Вьетнамдағы Елшілігі «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ-мен (ҚТЖ) Вьетнам-Қытай-Қазақстан-Еуропа бағыты бойынша алғашқы теміржол транзиттік-көліктік дәлізінің жұмысын іске қосқан көліктік-логистикалық жобаны жүзеге асырды, - деп хабарлайды СІМ баспасөз қызметі.
2018 жылды қорытындылай келе, алғаш рет Вьетнам астанасы Ханойдан (Йенвьен станциясы) вьетнамдық шекара маңындағы Донгданг темір жол терминалы арқылы, Еуропаға бірлескен контейнерлік құрамдар құрылатын ҚХР аумағы бойынша, одан әрі Қазақстан арқылы транзитпен Дуйсбургке (ГФР) көлемі 9,1 мың немесе 1686 ЖФЭ (жиырма футтық эквивалент) жүк тасымалы жүзеге асырылды деп айтуға болады.
Осылайша, Ханойдан неміс Дуйсбургіне «LG» мен «Samsung» компанияларының жүктерін тасымалдау мерзімі 22 күнді құрады, оның 2 күні тауарды Вьетнамнан ҚХР-ға тасымалдауға қажет болды. Бұдан әрі аталмыш жүктің Дуйсбургке дейінгі жеткізілімі 20 күн алды. Кейін Вьетнамнан Еуропаға дейінгі жүк тасымалдауының жалпы уақытын 19 сағатқа дейін қысқарту жоспарланып отыр. «Вьетнам темір жолдарының» пікірі бойынша, көлемдер биылғы жылда-ақ айтарлықтай артады.
Аталған темір жол бағытының іске қосылуы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның көліктік инфрақұрылымын халықаралық кқліктік жүйеге интеграциялау және «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында, «Белдеу мен жол» қытайлық бастамасымен ұштасатын еліміздің көліктік әлеуетін жүзеге асыру бойынша стратегиялық тапсырмасын жүзеге асырудың тәжірибелік нәтижесіне айналды.
Қазақстан мен Вьетнам арасындағы Қытай аумағы арқылы транзитпен көліктік-логистикалық қатынасын құру және іске қосу жұмысына Вьетнамдағы Қазақстанның Елшілігі мен ҚТЖ 2016 жылы бастамашылық етті. Бұл тапсырманы 2016-2017 жылдары жүзеге асыру үшін «ҚТЖ» ҰК» АҚ өкілдерінің Вьетнамға сапары ұйымдастырылды, солардың барысында Вьетрнамның Көлік министрлігінің және «Вьетнам темір жолдарының» жетекшілерімен кездесулер ұйымдастырылды, сондай-ақ, 100 астам ірі әлемдік және вьетнамдық көліктік-логистикалық компаниялардың қатысуымен екі бизнес-форум өткізілді.
Бұдан бөлек, ҚТЖ мамандары Қытаймен шектесетін Донгданг және Лаокай темір жол өткелдерінде болып, олардың аталмыш темір жол бағытын құрудағы мән-маңызы мен әлеуетін айқындады.
2017 жылдың ақпанында Ханойда «ҚТЖ» мен «Вьетнам темір жолдары» арасында Ынтымақтастық жөніндегі Меморандумға қол қойылып, ол екі ел арасындағы көліктік-логистикалық бағыттағы өзара әрекеттестіктің жандана түсуіне ықпал етті.
Қазақстарндық дипломаттардың қолдауы және ҚТЖ өкілдерінің белсенді қатысуымен 2017 жылдың наурызы мен шілдесінде Алматы мен Ханойда Қазақстан, Вьетнам және Қытайдың темір жол әкімшіліктерінің алғашқы үшжақты келіссөздері жүргізілді. Нәтижесінде, тараптар тасымал көлемдері, бағыттар және логистикалық операторлар жөнінде келісті. Аталмыш форматтағы келіссөздердің келесі раундтарға Ресей мен Моңғолияның серіктестері қосылды.
2018 жылдың сәуірінде Қазақстан мен Вьетнамның темір жол әкімшіліктерінің арасында Көлік бойынша жұмыс тобы құрылып, сәтті қызмет етіп келеді.
Жалпы, Қазақстан мен Вьетнамды екі көліктік бағыт байланыстырады: Вьетнамға қазақстандық бидай тасымалы өтетін Ляньюньган (КХР) кемежайындағы қазақстандық логистикалық терминал, сондай-ақ, вьетнамдық Донгданг темір жол терминалы арқылы өтетін бағыт.
Белгілі болғандай, Вьетнам Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерімен Еркін сауда туралы Келісімге қол қойған тұңғыш ел болды. Қазақстан-ҚХР-Вьетнам транзиттік бағыты біздің еліміз бен өзге де ЕАЭО елдеріне вьетнамдық нарыққа ауыл шаруашылық тауарларын, оның ішінде, ет-сүт өнімдері мен өзге де тез тасымалдауды қажет ететін тауарлардың жеткізілімін жасауға мүмкіндік береді. Иранға бидай жеткізілімі бойынша Қазақстан мен Ресей арасындағы бірлескен жобалар үлгі бола алады. Өз кезегінде, Вьетнам аталмыш дәліздің мүмкіндіктерін пайдалана отырып, теңіз өнімдері мен тропикалық жемістерді Қазақстанға экспорттау мүмкіндіктерін алады.
Қазіргі уақытта Вьетнам Еуропалық Кеңеспен, Вьетнам-ҚХР-Қазақстан-Еуропа бағыты бойынша транзиттік-көліктік дәлізді әртараптандыруға, Вьетнам мен АСЕАН елдерінен Еуропаға жүк тасымалын қысқартуға мүмкіндік беретін , жалпы, теңіз тасымалының баламасы болатын ұқсас келісім жасау бойынша жұмыстарды аяқтауда.
Вьетнам- ҚХР- Қазақстан-Еуропа транзиттік-көліктік дәлізінің қос тарапқа да толық масштабты қызмет етуі келешекте Қазақстанның өз көліктік-транзиттік әлеуетін айтарлықтай нығайтуға және Еуропа мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдері арасындағы тиімді көпірге айналуға мүмкіндік береді
2018 жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстан мен Вьетнам арасындағы тауар айналымы 467,2 млн долларға жетті. Вьетнам-ҚХР-Қазақстан – Еуропа темір жол дәлізінің іске қосылуымен екі ел арасындағы тауар айналымы айтарлықтай артады деп күтілуде.
Тэги:
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024