Алматы. 7 ақпан. 7kun.kz - «ВКонтакте» алдағы наурыз дан бастап 500 мыңнан астам жазылушысы бар ірі қауымдастық әкімшілеріне жарнаманы басқаруды «ВКонтактеге» беруді ұсынады. Бұл туралы әлеуметтік желі өкілі Евгений Красников ресейлік Интерфакске хабарлаған.
Яғни енді ірі қауымдастықтардың өкілдері жарнама беруші іздеп әуре болмайды. Онымен «ВКонтакте» айналысады. Жарнама бойынша модераторлық пен таргетинг те әлеуметтік желі тарапынан болмақ. Әкімшілер «ВКонтакте» тарапынан жариялаған жарнама ақысын алып отырады.
Жақын уақытта «Вконтакте» бұл қызметті тесттен өткізіп көрмек. Алайда оның нақты уақыты әлі белгісіз. Е.Красниковтың айтуынша бұл барлығына пайдалы. «Қауымдастық жетекшілері жарнамаға қатысты толық қапаратқа ие болады. Қолданушылар сапалы, аудитория сұранысына лайықталған жарнаманы көре алады. Әкімшілердің табысы тұрақтанып, аудитория сапасына сай лайықты табыс табады. Сондай-ақ қауымдастықтар бұрынғыдай сапасыз жарнамаға байланысты жабылып қалмайды» , дейді ол.
Анықтама үшін: «ВКонтакте» Ресейлік ірі әлеуметтік желі. Mail.ru Group холдингінің құрамына кіретін желіні 90 млн адам тұтынады.