Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Қырықтан астам қазақстандық компания биржаға шығуы мүмкін

Қырықтан астам қазақстандық компания биржаға шығуы мүмкін

Қазақстан қор биржасының басқарма басшысы (KASE)  Алина Алдамбергенова отандық қор нарығының алдағы жылдары дамуына қатысты пікірін айтты.

Отандық биржаның басқарма басшысы жаңа эмитенттер мен инвесторлық базаны кеңейту жұмыстарына тоқталды. «2016 жылы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен келісім-шарт жасасып, аумақтарда тренингтер жүргіздік. Осы тренингтер арқылы 154 компаниядан тұратын ақпараттар базасын жасадық. Сондай-ақ, өз компаниясына қаржы тарту үшін биржа құралдарын қолдануды қалайтын 180 ұйыммен кездесу өтті. Бірақ олардың биржаға шығуы туралы әңгіме айту әлі ерте», - деді ол.

Дегенмен, Алина Алдамбергенова биржаға кіруге қабілетті 41 компанияның бар екенін айтты. Олар көбіне көлік, өндіріс, техникалық қызмет және энергетика, тау-кен өндірісі саласындағы компаниялар. Олар 2017-2018 жылдары инвесторлардың қаржыландыруына ие бола алады. Өткен жылдың тағы бір жаңалығы  - қазақстандық сауда алаңында жаңа алты эмитент пайда болған.

Алина Алдамбергенова 2017 жылы 31 қаңтарда жарияланған президент жолдауындағы Назарбаевтың қор нарығының белсенділігін арттыру туралы тапсырмасына қатысты пікірін білдірді.

«Қазақстан үшін қор нарығының дамуы маңызды. Қазір бизнестің кредитті шектен тыс алуына қатысты  көп айтылып жатыр. 2008 жылы болған қаржы дағдарысынан кейін тұрақты дамып отыратын кәсіп қалыптастыру да қиын болып қалды. Бірақ қазір институтционалды инвесторлар бар, жеке тұлғалардың да салымдары әжептеуір жиналып қалды. Егер осындай жақсы жағдай жасалса, активтер де орнымен пайдаланылады.  Бизнеске де қаржыландырудың әр жақтан келгені маңызды ғой. Соңғы үш жылда зейнетақы қоры мемлекеттік бағдарламаларды белсенді қаржыландырып, квазимемлекеттік секторға ақша беріп жатыр», - деді ол.

Кейіннен қор басшысы президенттің қазақстандық жекеменшік кәсіпорындардың облигациялық шығарылымдарын субсидиялауға қатысты мәселелерін шешу туралы тапсырмасын да талқыға салды.

«Біз бұл сұрақты талқылап келе жатқанымызға біраз болды. Түсінгеніміз, кей заңнамаға өзгеріс енгізілуі керек. Мысалы, бизнеске қандай қолдау көрсетуге рұқсат берілгені туралы заңды қайта қарап шығу керек. Мұндай тапсырма ендігі беріліп те қойды. Осы жылдың соңына дейін облигациялық шығарылымдарды іске асырамыз деп ойлаймын», - дейді қор басшысы.

Оның сөзінше, қазір «Самұрық-Қазына» ұлттық қорындағы IPO-ға шығуды жоспарлап жатқан компаниялармен келіссөз жүргізіліп жатыр. Қор биржасының басқарма басшы орынбасары Андрей Цалюк қазақстандық инвесторлардың теңгедегі активтерге қызығушылығы артып келе жатқанын жеткізді.

«Валюта нарығындағы спекуляцияның кесірінен нарықта активтердің өтімділігі түсті. Нарық қатысушылары мен халық шетелдік валютадағы үлестерін азайтып, қаржыларын теңгеде бере бастады. Мысалы, 2016 жылы биржадағы жалпы сауда 94,6 трлн теңгеге жетті. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда 2,8 пайыз артық. Теңгемен есептелетін бұл көрсеткіш ешқашан бұлай жоғары болған емес. Алайда доллармен есептегендегі сауда көлемі өткен жылдан қарағанда 35,7 пайызға азайған», - дейді Цалюк.

2016 жылы отандық қор нарығында 10 эмитенттің (2015 жылы – 18 еді.) облигациясы орналастырылды. Қорға тартылған қаржының көлемі 424,4 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда екі есе аз азайды.

Қазақстанның қор нарығының қызметі туралы мына материалдан оқи аласыз.

Похожие материалы