Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Қызметі "жиі ауысатын" банкир

Қызметі "жиі ауысатын" банкир

Қазақстанның қаржыгерлер қауымдастығын басқарып келген Мағжан Әуезов 20 желтоқсан күні қызмет ауыстырды. Енді ол "ForteBank" АҚ-ның басқарма төрағасы. Осылайша банкир бір жылда екі рет жаңа қызметке тағайындалды. Өмірбаянына көз жүгіртсек, Әуезов басқа банкирлерге қарағанда қызметті жиі ауыстырады екен. 

Мағжан Әуезовтың банкирлік қызметі АБН АМРО Банкінде басталды. Ол 1998-2002 жылдары осы банкте несиелендіру, кредитті құрылымдау және сараптау, тауарларды қаржыландыру, экономиканың шикізат саласындағы клиенттермен қарым-қатынас орнату сынды жұмыстармен айналысты. Бұдан кейін Әуезовтың қызметі көкке өрлей бастаған. 2002 жылдан 2015 жылдар аралығында "Қазкоммерцбанк" АҚ басқармасының мүшесі, басқарушы директор қызметін атқарады.

2009-2015 жылдары Москоммерцбанк еншілес банкінің директорлар кеңесінің төрағасы болады. Тағы айта кетейік, бұл банк Қазкоммерцбанктің Ресейдегі еншілес банкі. Сондай-ақ, "Құс жолы" қайырымдылық қорының президенті, «Болашақ» степендиаттарының Қауымдастығы кеңесінің мүшесі.

Қандай ірі банктерді басқарды?

2014 жылдың 26 ақпанында БТА банк директорлар кеңесінің шұғыл шешімімен банк басшылығына Мағжан Әуезов тағайындалды. Ол Қадыржан Дамитовтың орнына келді. Жаңа басшы "Казкоммерцбанк" АҚ басқармасының мүшесі ретінде де қала беретіні хабарланды. Осылайша ол "БТА банк" АҚ мен Қазкомды біріктіру процесіне басшылық етті.
Бұл шешім "БТА банк" АҚ акцияларын сату туралы банктің бас акционері "Самұрық Қазына" Ұлттық әл-ауқат қоры" АҚ мен "Казкомерцбанк" консорциум инвесторлары және қазақстандық кәсіпкер Кеңес Рақышев арасындағы келісімшарт аясында қабылданған.
Ал бір жылдан кейін 2015 жылдың 31 наурызында Мағжан Әуезов "Қазкоммерцбанк" АҚ-ны басқаратын болды. Ол банктің сол кездегі басқарма төрағасы Нина Жүсіпованың орнына келді. Жүсіпова директорлар кеңесінің мүшесі ретінде қалды. Сондай-ақ, осы уақытта банктің директорлар кеңесінің төрағасы да ауысты. Нұржан Субханбердиннің орнына  директорлар кеңесінің мүшесі Марк Хольцман келді. Субханбердин банктің ірі акционері болып қалды. Осыдан соң 2016 жылы 31 наурызда "Қазкоммерцбанк" АҚ баспасөз қызметі Мағжан Әуезовтың басқарма қызметінен кетуі мүмкін екенін хабарлады. 

Банктің баспасөз қызметінің мәліметінше, 30 наурыз күні Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының (ҚҚҚ) отырысы болып өткен. Отырыс барысында белгілі болғандай, 2015 жылдың 11 сәуірінде болатын Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының жалпы отырысында ұйым кеңесінің төрағалығына Мағжан Әуезовтың кандидатурасы ұсынылатын болды.

«Бұл туралы Мағжан Әуезовтың өзі мәлімдеді. Егер 11 сәуір күні ол ҚҚҚ басшысы болып тағайындалса, Қазком төрағалығынан кетеді және директорлар кеңесі құрамынан шығады», — деп түсіндірген еді банктің баспасөз қызметі.

Осыдан кейін көп ұзамай "Қазкоммеркцбанк" АҚ басқарма төрағасы Мағжан Әуезов Қазақстанның Қаржыгерлер Қауымдастығын (ҚҚҚ) басқаратыны белгілі болды және жаңа қызметке 15 сәуірден бастап кірісті.

Ал осы жылдың қазан айында Қауымдастықтың төрағасы Мағжан Әуезов алдағы уақытта  ірі банктердің бірі «ForteBank» АҚ-ны басқаруы мүмкін екені туралы ақпарат тарады. 

Ал ҚҚҚ-ның баспасөз қызметі болса оның қазір Қазақстанның қаржыгерлер қауымдастығын басқарып отырғанын айтып, бұл ақпаратты жоққа шығарудан немесе нақтылаудан бас тартқан.

Дегенмен бір айдан кейін  ForteBank» АҚ акционерлерінің кезектен тыс жиналысындағы шешімге сәйкес, Әуезов Мұхтар Мұратұлы банктің тәуелсіз директоры, директорлар кеңесінің мүшесі болып сайланды.

Cалыстырып көрейік

Сөйтіп бұған дейін жылына бір қызметке тағайындалған Әуезов мырза биыл екі бірдей қызмет ауыстырып үлгерді.

Маржан Нүсіпбек, "7"

Похожие материалы