Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Zara. Испандық брендтің тарихы

Zara. Испандық брендтің тарихы

Подиумдағы заттарды көшіруден рекордсмен, "испандық табыс тарихы" - Zara-ны әлемдік БАҚ осылай сипаттайды. Алайда, бренд туралы кім не десе де оның киімдерін патшайымдардан бастап қарапайым студенттің үстінен көруге болады. Демек, Zara алға қойған мақсатын орындады.

Қалай басталды?

«Бір күні анаммен дүкенге бардым. Дүкен биік сөресі бар үлкен азық-түлік дүкендерінің бірі болды. Сөренің биіктігі соншалық мен анаммен кімнің сөйлескенін көрмедім. Бірақ «Джозеф, өте өкінішті, бірақ мен саған тауарларды қарызға сата алмаймын», деген дауысты естідім. Қанша уақыт өтсе де сол дауысты ұмытпаймын. Мен 12 жаста едім» (Амансио Ортега)

Сол күннен бастап испандық теміржолшы мен үй қызметшісінің ұлы маңызды шешім қабылдайды. Ол анасының қарыз сұрап жүргенін қаламайды. Сол үшін мектепті тастап, Ла-Корунья қаласындағы ателье-дүкенде сатылым бойынша ассистент болып жұмысқа орналасты.

Амансио Ортега 17 жасында бұл компаниядан кетіп, La Маја-даға ассистент болып қабылданды. Бұл компанияда оның ағасы Антонио мен әпкесі Пепит те жұмыс істейтін. Жаңа жұмыс орнында Амансио менеджер қызметіне дейін көтерілді. Ал оның бұрынғы лауазымын болашақ әйелі, 16 жасар Розалия Мера Гойенчеа иеленді.

La Маја компаниясында біраз уақыт жұмыс істегеннен кейін, Амансио тігін бизнесімен айналысуға кіріседі. Осылайша ол ағасы Антониомен бірге GOA компаниясын құрады. Тігін тігуге икемі бар әпкесі мен бірінші әйелі Розалия сол кездегі өте сәнді, танымал халаттарды дайындады.

1963 жылы ағайындылар ашқан компания отбасылық шеберхана болатын. Олардың халаттары мен іш көйлектері танымалдыққа ие еді. Дегенмен, Ортега табыстың жаңа көздерін табуға тырысатын. Ол басқа испандық өндірушілердің киімдерін сатып алумен және оны экспорттаумен де айналысты.

Zara-ның тарихы

Қарапайым халықтың қолы жете бермейтін қымбат киімдердің көшірме үлгісі танымалдыққа ие болды. Уақыт өте шеберхана өнімдері шетелге де шыға бастайды. Амансио Ортега көптеген тапсырыстар қабылдайды. Алайда Ортегада үлкен мәселе пайда болады. Оның неміс әріптесі, Амансио бар капиталын салған тапсырыстың күшін жояды. Тығырықтан жол табу мақсатында Амансио Розалиямен бірге киімдерді өздері сатуға кіріседі. Осылайша, 1975 жылы 15 мамырда Ла-Корунья қаласында бірінші Zara дүкені ашылады.

Ерлі-зайыптылар алғашқыда дүкендерін Zara емес, Zorba деп атағысы келген. Бұл "Грек Зорба" фильміндегі сүйікті персонаждың есімі болатын. Бірақ авторлық құқық оларға Zorba атауын алуға мүмкіндік бермеді.

Амансио жетекші брендтердің киімінің көшірмесін жасап, оны арзан бағада сатудың тиімді екенін жақсы білді. Сондықтан аз уақыт ішінде оның дүкендері бүкіл Италияны жаулап алды.

80-ші жылдардың басында Ортега дизайн және тауарларды тарату процесінің жаңа моделін әзірлей бастады. Оған Хосе Марио Кастеллано қосылды. Екеуі "жылдам сән" жүйесін ойлап тапты.

1985 жылы Ортега Inditex (Industria de Diseño Textil Sociedad Anónima) компаниясын құрып, барлық дүкендерді біріктірді.

Танымалдылығы уақытқа бағынбаған Испаниялық Zara бренді әлемді бағындыруға кірісті. 1988 жылы Португалияда Амансионың дүкені пайда болды. Бір жылдан кейін Нью-Йоркте, ал тағы бір жыл өткен соң Парижде Zara дүкені жұмыс істеді.

"1990 жылы Парижге келген кезде, Place de l' Opéra жанында біздің бірінші дүкен ашылғаннан кейін, бәрін өз көзіммен көру үшін жүгіре жөнелдім... Француз астанасында ашылған алғашқы дүкенге кіруге тырысқанмен, көшеге дейін созылған адамдардың кезегінен өте алмадым. Мен есік алдында, балаға ұқсап жылап тұрдым. Сезімімді жеңе алмадым" , - дейді Амансио Ортега Париждегі алғашқы Zara дүкенінің ашылуы туралы.

Zara туралы қызықты деректер

Zara дизайнерлері жылына 10 000-ға жуық жаңа дизайндарды әзірлейді.

Zara дүкендеріне жаңа жеткізілімдер күні «Z-күн» деп аталады.

Zara-да киімдер топтамасы 2 аптада өзгеріп отырады.

Zara дүкендері көптен бері жарнамасыз жұмыс істейді, ал үнемделген ақша Massimo Dutti, Pull and Bear, Stradivarius және Bershka сияқты жаңа сауда нүктелерін ашуға және жобалар мен брендтерді дамытуға жұмсалады.

Zara-ның алғашқы дүкендерінде қымбат брендтің киімдерінің көшірмесі қойылды. Бірақ кейіннен дизайнерлер басқа жолды таңдады. Олар атақты кутюрьенің көрсетілімдеріне барып, соңғы үрдістерді қадағалап, оларды жаңа коллекцияларды әзірлеуде пайдалана бастады. Көптеген адамдар Zara-ны әлемдік брендтердің ресми көшірмесі деп санайды.

Zara киімнен басқа үйге арналған заттарды шығарады. Zara Home компаниясы 2003 жылы іске қосылды.

Zara-дағы кез келген модель сатылымда 4 аптадан артық болмайды. Егер зат нашар сатылса, оны бірден сатудан алып тастайды және жаңа дизайнды шығарады.

Zara Гринпис келісіміне қол қойған. Бренд 2020 жылға қарай өндірісте зиянды химикаттарды пайдаланудан толығымен бас тартуға ниетті.

Zara-ның негізін қалаған Амансио Ортеганың мұрагері - қызы Марта Ортега.

Қосымша

Амансио Ортега тұтынушыларының 78 пайызын орта жастағы әйелдер құрайтын Zara дүкенімен шетелмеу туралы шешімге келеді. Осы мақсатпен 1991 жылы жастарға арналған күнделікті киімдерді ұсынатын Pull&Bear дүкенін ашады. Сондай-ақ, Massimo Dutti үлесін сатып алып, оны бес жыл ішінде брендке айналдырады.

1998 жылы ерекше стильді ұнататын жас қыздарға арналған Bershka-ны ашады. Кейін Stradivarius дүкенін сатып алып, жасөспірімдер арасында танымал қос брендті басқаруды өз қолына алады. Ал 2000-ші жылдарға қарай топта Uterqüe аксессуарлар бренді қалыптасады.

Похожие материалы