Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Өзбекәлі Жәнібековке арналған «Бекзаттық болмыс биігінен көрінсек» атты конференция өтеді

Өзбекәлі Жәнібековке арналған «Бекзаттық болмыс биігінен көрінсек» атты  конференция өтеді

Алматы. 12 желтоқсан. 7kun.kz - 14 желтоқсан күні Алматыдағы Ұлттық кітапхананың Н.Дәулетова атындағы залында мемлекет және қоғам қайраткері, этнограф Өзбекәлі Жәнібековке арналған «Бекзаттық болмыс биігінен көрінсек» атты  конференция өтеді, деп хабарлайды 7kun.kz.

Өзбекәлі Жәнібеков қазақ халқының ұлттық мәдениетін, ана тілін дамыту, ұлттық салт-дәстүрін жаңғырту ісіне үлкен үлес қосты. Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мейрамының жандануына, киелі Тайқазанның Қазақстанға оралуына тікелей басшылық етті.

Ө.Жәнібековтің арқасында Ұлы даланың бірегей ескерткіштері сақталып, қалыпқа келтірілді. Олардың қатарында Қожа Ахмет Яссауи, Тәжік, Ақ Ұйық, Қарахан, Айша-бибі, Бабажа-Қатын кесенелері, Жаркент мешіті, Отырар ескерткіштері, т.б. бар. Ө.Жәнібеков Қазақстанда музей ісінің қалыптасуына зор ықпал етті, оның бастамасымен Қазақстанда ондаған музей ашылды. Ө.Жәнібеков қазақтың «бес арысы» атанған А.Байтұрсыновтың, М.Жұмабаевтың, М.Дулатовтың, Ж.Аймауытовтың, Ш.Құдайбердіұлы «ісін» қайта қарайтын Орталық Комитеттің комиссиясын ұйымдастыруға мұрындық болып Алаш партиясы көсемдерінің есімдері мен еңбектерін халыққа қайтару жөнінде көп жұмыс жасады.

Шараның мақсаты – Ө. Жәнібековтың өмірі мен қызметін үлгіге ала отырып, өскелең ұрпаққа қазақ елінің тарихы мен мәдениетін насихаттау, ұрпақ сабақтастығын жалғастырып, жастар мен қаламгерлер арасында диалог құру.

Ұйымдастырушылар: Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы мәдениетті, тарихты және этнографияны қолдау қоғамдық қоры.

Конференция үш бөлімнен тұрады:

1.      «Дөңгелек үстел» барысында қаламгерлер, Өзбекәлі Жәнібековтың әріптестері мен шәкірттері ол жайлы тың естеліктерімен бөлісетін болады. Олардың қатарында

Мұрат Әуезов, Жарылқасын Нұсқабай Қанат Тұяқбаев, Қали Сәрсенбай, Баян Адырбек, Мәулен Садықбеков, Айжан Абдубайт, Забира Жәкішева, Сауле Мерекеева, Берік Байболов бар.

2.      Дәрісхана барысында Ермек Тұрсынов, Санжар Керімбай қазіргі қоғам дамуындағы ұлттық мәдениеттің орны тақырыбы туралы пікір білдіріп, қаламгерлер мен жастар арасында талқылаулар өтеді. 

3.      Көрмеде Қазақстанның бірнеше аймақтарындағы мұражайлар қорындағы Өзбекәлі Жәнібековтың өмірі мен қызметіне қатысты құнды жәдігерлер мен ҚР Ұлттық кітапханасының қорындағы кітап көрмесі ұйымдастырылады.

Аккредитация жөнінде және қосымша ақпарат алу үшін  +7 777 557 10 27, +7(727) 267 28 66 нөмірлері арқылы хабарласуға болады.

Похожие материалы