Қазақстанда шамамен 4,2 млн адамның зейнетақысы мен жәрдемақысы артады, деп хабарлайды 7kun.kz.
Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың айтуынша, барлық әлеуметтік міндеттемелерді орындауға 4 трлн теңге бөлінеді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 230 млрд-қа көп.
«Инфляция дәлізінің өзгеруіне байланысты (8-10%) зейнетақы мен жәрдемақы тағы 4%-ға қосымша индекстелетін болады», – деді Тоғжанов.
Оның айтуынша, бұл барлық әлеуметтік төлемдердің 9%-ға, ал ынтымақты зейнетақының 11%-ға өсуін қамтамасыз етеді.
"Бұл өсім 4,2 млн әлеуметтік төлем алушыны (ынтымақты зейнетақы - 11%-ға, базалық зейнетақы - 9%-ға, барлық жәрдемақылар мен төлемдер - 9%-ға) қамтиды. Осы мақсаттарға нақтыланған бюджет жобасында қосымша 111 млрд теңге қарастырылған", – деді Ералы Тоғжанов.
Еске сала кетейік, Қазақстанда зейнетақы мен жәрдемақы мөлшері қайта қаралады. Жыл басында Қазақстанда орташа зейнетақы 105 мыңнан астам теңгені құрады.