Алматы. 30 шілде. 7kun.kz - Қазақстанда 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс берушілерге 5% мөлшерінде міндетті зейнетақы жарналарын енгізу жоспарлануда. Алайда, "Атамекен" Ұлттық Кәсіпкерлер палатасында хабарлағандай, ұсынылып отырған 5% жұмыс берушілерге 500 млрд теңгеден 900 млрд теңгеге дейін қосымша ауыртпалық түсіреді.
"Атамекен" ҚР ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Алена Романова айтуынша, еңбекақы төлеу қорына түсетін жүктеме 5%-ға артып отыр. Бұл ретте міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға арналған жарналарды кезең-кезеңмен ұлғаюы туралы ұмытпау керек. Егер 2019 жылы жұмыс беруші Міндетті медициналық сақтандыру қорына 1,5% төлесе, ал қызметкер ештеңе төлемеді. Енді 2020 жылдан бастап жұмыс берушілер 2%-ды, ал қызметкерлер 1%-ды, ал бір жылдан кейін - жұмыс берушінің екі жарнасы 3%-ға дейін, қызметкер жарнасы 2%-ға дейін өседі.
"Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру үшін төлем бойынша жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлерге нақты жүктеме 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап 2019 жылдың 30 маусымына дейін 186,2 млрд теңгені құрады және болжам бойынша, жылына 400-500 млрд теңгеге жетіп, мөлшерлемелердің өсуімен бірге ұлғаяды. Осылайша, әлеуметтік аударымдар, табыс салығы, зейнетақы жарналары мен медициналық сақтандыру кіретін еңбекақы қорына жалпы салық жүктемесі жалақының 40%-нан асатын болады. Бұл ретте мемлекеттік ұйымдар да осы жарнаны төлеуі қажет, тиісті шығындар бюджетке түсуі керек, яғни салық төлеушілерге», - деді ол.
Спикер бүгінгі таңда енгізілетін жаңалықтың орындылығын ағымдағы жағдайды ескере отырып, сыни тұрғыдан қарастырған жөн деп санайды, өйткені "зейнетақы мен әлеуметтік қамсыздандырудың ашық және түсінікті жүйесін" қалыптастырусыз бұл норманы енгізу айтарлықтай тәуекелдерді тудырады.
"Қазірдің өзінде зейнетақы жарналарын мүлдеу немесе тұрақты төлмеу фактілері бар. Қосымша жарналарды енгізу кері әсер етеді. Төлемейтін немесе оны тұрақты жасамайтын субъектілерді тарту үшін ынталандыру шаралары қолданылуы тиіс", – деді Алена Романова.
Сондай-ақ, тауарлар мен қызметтердің өзіндік құнына қосымша жүктеме қаупі бар. Бұл қаражатты басқарудың тиімділігі туралы мәселе туындайды. Жұмыс берушілер бұл қаражат қандай қажеттіліктерге, қандай жобаларға салынатындығын және қандай нәтиже беретінін нақты түсінуі керек.
"Атамекен" ҰКП бизнеске түсетін жүктемені одан әрі арттыруға жол берілмейді деп есептейді және аталған нормаларды қайта қарау бойынша нақты ұстанымды білдіреді. Сондай-ақ, Ұлттық палата кәсіпкерлерді, қауымдастықтарды, тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып, жан-жақты конструктивті талқылау үшін алаң ұсынуға дайын", - деп түйіндеді ол.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024