Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Жүгіруден көктемгі жарысқа 1200 адам қатысты

Жүгіруден көктемгі жарысқа 1200 адам қатысты

Алматы. 18 наурыз. 7kun.kz –16 наурызда Баум тоғайында «Алматы марафонына» дайындық шеңберінде жүгіруден көктемгі жарыс өтті. Оған 1200 әуесқой жүгіруші қатысты.  

Жарысқа қатысқандардың ең кішісі - 10 жаста, ал үлкен қатысушы - 82 жаста.

«Көктемгі жүгіру жарысы спортпен барлық жастағы адамдар айналыса алатынын дәлелді. Көпшілік үшін жүгіру – жай ғана спорт емес, өмір философиясы. Қаланың Баум тоғайы, Тұңғыш Президент Саябағы тәрізді орындары - жүгіру және үлкен сөрелерге дайындалу үшін жағымды келетін алаңдар», - дейді «Бірінші болу - батылдық» корпоративтік қорының атқарушы директоры Салтанат Қазыбаева.  

Сөреге бірінші болып 3 км балалар қашықтығына (10-14 жас) қатысушылар шықты. Ұлдар арасында  – Доминик Боловинцев, ал қыздар арасында – Рима Гранкина мәреге бірінші болып жетті.

Жарыс жеңімпаздары 1-ші орын үшін 50 000 теңге, екінші орын үшін 30 000 теңге, үшінші орын үшін 20 000 теңге ақшалай сыйлықтар алды.

13 км қашықтықты ерлер арасынан Михаил Красилов 41 минут 6 секундта, ал әйелдер арасынан Бишкек қаласынан келген Юлия Фернас 52 минут 1 секундта жүгіріп өтіп, ең үздік нәтиже көрсетті.  

«Маусымдық жарыстар – үлкен сөреге дайындалуға тамаша мүмкіндік. Биыл мен 21 км қашықтықтағы жартылай марафонға үшінші мәрте қатысамын... Спорт қуат береді, мақсат қойып, оған жетуге үйретеді. Бұл бізді шынықтырып, күшті ете түседі», - дейді «Алматы марафонының» бренд-амбассадоры, атлет Асқар Аманбаев.  

Жүгіруден көктемгі жарыс - 21 сәуірде өтетін «Алматы марафоны -2019» жарысына дайындалуға трамплин, ақырғы дайындалу сатысы. Орталық Азиядағы ірі спорттық шараға almaty-marathon.kz сайтында 1 сәуірден бастап тіркелуге болады.

Айта кетейік, «Алматы марафонына» дайындалуға қатысқысы келетіндер апта сайын, әр сенбіде сағат 10:00-де Тұңғыш Президент Саябағында өтетін ашық жаттығуларға қатыса алады.

Жүгіруден көктемгі жарыстың ұйымдастырушылары - «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қоры, «World Class Almaty» фитнес-клубы және Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Академик Шахмардан Есенов атындағы ғылыми-білім беру қоры. Ал жарыстың бас серіктесі – Kaspi.kz.


Похожие материалы