PROJECT SYNDICATEТаңдаулы1

Әлем чемпионатын өткізудің қажеті не?

НОРТГЕМПТОН, МАССАЧУСЕТС – Кімге көбірек сенесіз, Ресей президенті Владимир Путинге ме, әлде Чикаго мэрі Рам Эммануэльге ме? Ресей 2018 жылғы футболдан әлем чемпионатын өткізіп, Путин соның буына мастанып жатқанда, Эммануэль доп додасы 2026 жылы Солтүстік Америкаға келгенде Чикагоның оны өткізуге ешқандай қызығушылығы жоқ деп мәлімдеді. Канада мен Мексиканың әрқайысы он матчтан өткізеді, ал АҚШ қалған 60 ойынды ұйымдастыруы керек. АҚШ-тың үшінші ірі қаласы бұдан неге бас тартып отыр?

Әлемдік деңгейдегі спорт жарысын өткізудің қандай екенін елестету үшін мына фактілерге назар аударыңыз. Путин үкіметі  2014 жылғы Сочидегі Қысқы олимпиада ойындарын ұйымдастыру үшін 51-70 миллиард доллар жұмсаған. Ал 15 шілдеге дейін жалғасатын футболдан әлем чемпионатына 14 миллиард доллар кетеді деп болжанып отыр. Жеті жаңа стадионды (соның бірі – құны 1,7 миллиард долларға шыққан Санкт-Петербургтегі стадион) салып, бесеуін қайта жөндеуден өткізуге Ресей бюджетінен ақша бөлінді. Бұған жаттығу орындары, тұрғынжайлар, ауқымды инфрақұрылым мен қауіпсіздік сияқты салалардың шығындарын қосыңыз.

1994 жылғы әлем чемпионатының ашылу салтанаты мен алғашқы матчын өткізген Чикаго енді басқаша көзқарас ұстанып отыр. Эммануэльдің баспасөз хатшысы Мэтт Макгрэт жақында “ФИФА біздің қаламыз бен салық төлеушілеріміз түсінбей отырған негізгі жайттарды нақтылайтындай ештеңе істемеді” деп түсіндірді. Макгрэттың айтуынша, ФИФА “келісім-шартты кез келген уақытта өз қалауына қарай өзгертетіндей етіп” ашық қалдыруды талап еткен.

Оның үстіне, ФИФА Chicago Bears футбол командасының ойын алаңы – “Солдат стадионын” жарыс болардың қарсаңында екі ай бойы қолданбау туралы талап қойған. Сөйтіп, Эммануэльдің мекемесі “салық төлеушілер үшін нақты болмағаны үшін, ФИФА-ның бірбеткейлігі мен келіссөзге құлықсыздығы үшін матч өткізуге талпыну – Чикагоның мүддесіне сай емес” деген шешім қабылдаған.

Бірнеше аптаның ішінде екіден алтыға дейін ойын өткізумен қоса футболдан әлем чемпионатын қабылдайтын қалалар командаларға жаттығу орындарын әзірлеп, көп бизнес өкілдеріне салық жеңілдіктерін беруі керек. Іс жүзінде ФИФА ойындарға қатысты кез келген табысқа тікелей және жанама салық салуға тыйым салу арқылы құрлықтық футбол конфедерацияларын, қабылдаушы елдің телехабар таратушыларын, ФИФА-ға мүше ұйымдарды, қызмет көрсетушілерді және мердігерлерді салықтан босатқан. Чикагоның ойынды қабылдаудан бас тарту идеясын Миннеаполис пен Ванкувердің қолдауы да бекерден-бекер емес.

Өзінің өктем саясатын ақтап алу үшін ФИФА “Футболдан әлем чемпионаты – әлемнің назарын чемпионат өткізуші елге (елдерге) аударып, спорттық және қоғамдық инфрақұрылымға елеулі қаржылық инвестиция құюға мүмкіндік береді, әрі бұл орта және ұзақ мерзім тұрғысынан әлеуметтік-экономикалық игілік әкеліп… экономикалық өсімге жеткізуі мүмкін” деп жауап берді.

Бірақ, олардың мұндағы абайлап жазылған мәтініне назар аударыңыз. ФИФА инфрақұрылымға “елеулі қаржылық инвестиция құюғамүмкіндік береді”, “өсімге жеткізуі мүмкін” деумен шектеледі. Іс жүзінде, ғылыми дәлелдерге қарасақ, футболдан әлем чемпионаты оны қабылдаушы елдер мен қалаларға қоғам мен мемлекеттік қызметкерлерді сендіргісі келгендей деңгейде пайда келтіре бермейді.

Мәселен, Ресейдің биылғы додаға салған 14 миллиард доллардан астам инвестицияның қайтарымына не алатынын қарап көрейік. Билеттерді сатудан, халықаралық телетрансляциялардан, демеушілерден түскен табыстың барлығы түгел ФИФА-ға кетеді, ал Ресей өзіне еш қажеті жоқ жеті жаңа стадион мен жөндеуден өткен  бес стадионға ие болып қалады. Егер қайта бұзып тастамаса, оларды ұстап тұру үшін жылына ондаған миллион доллар қажет болады.

Ал, қалалардағы онсыз да қат жердің қомақты бөлігін қажетсіз бірақ шығыны көп нысандар үшін алып қояды.

Жылтыраған су жаңа стадиондардың көріністері бүкіл әлемге таралып жатыр. Бірақ, мұның өзі Ресейдің мүддесіне жұмыс істеп жатқан жоқ. Мәселен, маусымның 15-індегі Египет-Уругвай матчында бос тұрған 6 мың орынды ешкім жасыра алған жоқ.

Тарихқа көз жүгіртсек, 2018 жылғы футболдан әлем чемпионаты Ресейдегі халықаралық инвестиция мен сауданы ұлғайтып, оның туризм саласын дамытып жібермейді, немесе халқының дене шынықтыруға құлшынысын арттырмайды.

Ол тек ресейліктердің көп бөлігінің бойында өткінші ғана мақтаныш сезімін тудырып, ел ішіндегі өршіп келе жатқан проблемалардан назарын аудартады. Әлем чемпионатын өткізсін, өткізбесін, мұнай бағасының құбылуы, Путиннің 2014 жылғы Қырымды аннексиялауына жауап ретінде салынған халықаралық санкциялар Ресейдің экономикалық болашағын бұлыңғыр етіп, ресейліктердің өмір сапасын нашарлата беретіні анық.

Сонымен, сіз кімге сенесіз? Менің Эммануэльге бүйрегім бұрады.

Авторы: Эндрю Цымбалист — Смит колледжінің экономика профессоры, “Circus Maximus: Олимпиада мен әлем чемпионатын өткізудің тасасындағы экономикалық ойындар” (Circus Maximus: The Economic Gamble Behind Hosting the Olympics and the World Cup) кітабының авторы.

© Project Syndicate 1995–2018

Tags

Осы айдарда

Close