Лицензиясынан айырылған банктегі салымыңыз бойынша берілетін өтем ақшаны қалай есептеуге болады?

21
бөлшек
Фото: geometria.ru

Банк салымы қай заманда болмасын ақшаны сақтаудың және жинаудың ең сенімді әрі ең қарапайым әдісі болып қала бермек. Бірақ нарық заманында кейбір банктердің белгілі себептермен банкротқа ұшырап жататыны да заңдылық.

Ал бұл халықтың банктерге, қала берді бүкіл қаржы саласына деген сеніміне қаяу түсіретіні анық. Елімізде мұндай сенімсіздікке жол бермес үшін депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесі қолға алынған. Оны 1999 жылы құрылған Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (Қор) ойдағыдай жүзеге сырып келеді. Бұл ретте аталмыш жүйеге қатысушы қандай да бір банк лицензиясынан айырылған жағдайда, кепілдендірілген депозиттер бойынша төленетін өтем ақшалар қарастырылған. Оның көлемін Қордың  kdif.kz сайтында орналасқан арнайы калькулятор арқылы тез есептеуге болады.   

Еске саламыз, Қордың арнайы резерві есебінен төленетін кепілдік берілген өтем ақшалар тек ұлттық валюта — теңгемен төленеді. Бұл ретте шетел валютасындағы салымдардың өтемі банк лицензиясынан айырылған күнгі валюта айырбастау бағамы бойынша теңгемен есептеледі.

Салымыңыз бойынша кепілдік берілген өтем сомасын есептеу үшін Қор сайтына кіріп, «Депозиттер және кепілдіктер» бөлімінен «Калькулятор» парақшасын ашыңыз. Сөйтіп теңгедегі жинақ және басқа да салымдарыңыз бойынша сыйақыларымен қоса есептелген қалдық ақшаларыңызды, сондай-ақ өзге де банк шоттарыңыз бен төлем карталарыңыздағы ақшаларыңызды рет-ретімен енгізіп шығыңыз. Егер шетел валютасында ашылған салымыңыз болса, оны сол валютада енгізуіңізге болады. Калькулятор салымыңызды Ұлттық Банктің ағымдағы валюта бағамы бойынша теңгеге автоматты түрде айырбастайды.

Айта кетелік, егер банктен алған несиеңіз бар болса, оны да пайызымен бірге енгізгеніңіз жөн. Сонда сізге депозитіңіз бойынша берілетін өтем ақша кредитіңіз бойынша төлейтін берешек сомасына автоматты түрде азайтылады.

Калькуляторды пайдаланған кезде оған тек бір банктегі салымдарыңызды сыйақыларымен қоса, сондай-ақ шоттарыңыз бен карточкаларыңыздағы ақшаларыңызды енгізіп, барлығын бірге есептеңіз.

Егер басқа банкте де салымдарыңыз болса, калькуляторға өз алдына бөлек енгізіп, өтем ақшаның мөлшерін есептеуге болады. Өйткені Қор кепілдік берілген өтемді әрбір банк бойынша жеке-жеке төлейді. Яғни, әрбір банкте ашылған салымдарыңыз бойынша 5 миллионнан 15 миллион теңгеге дейін өтем ала аласыз. Бұл ретте алдымен салымдардың түрлерін және олар бойынша төленетін ең жоғары өтем сомаларын біліп алған артық болмайды.  

Мерзімсіз салым — аты айтып тұрғандай, ең үйреншікті, ең танымал салым түрі. Оны кез келген уақытта толықтырып отыруға және одан кез келген уақытта азайтылмайтын қалдық шегінде ақша алуға болады. Бұл салымды әр түрлі мерзімге аша аласыз. Сол мерзімге тағайындалған сыйақы, салым осы мерзім ішінде жабылғанша немесе келесі мерзімге ұзартылғанша өзгермейді.

Мерзімді салым — пайыздық сыйақысы жоғары, мерзімінен бұрын ақша алуға мүмкіндік беретін және әр түрлі мерзімдерге ашылатын өте икемді салым. Бұл салымды теңгеде және шетел валютасында ашуға болады, сондай-ақ оның үстінен ақша салуға болатын және болмайтын түрлері бар. Мерзімді салымды мерзімінен бұрын жартылай немесе толығымен алу барысында сыйақысы төмендетіледі. Бірақ шот жабылмайды.

Жинақ салым – сыйақы мөлшерлемесі ең жоғары, қысқа және ұзақ мерзімдерге ашылатын, мерзімінен бұрын алуға болмайтын салым. Бұл салымды да теңгеде және шетел валютасында ашуға болады. Егер салымшы жинақ салымын белгiленген мерзiм өткенге дейiн талап еткен жағдайларда, ақшасы толығымен қайтарылады, ал салым бойынша сыйақы талап етілгенге дейінгі салым бойынша белгіленген мөлшерде төленеді. Бұл үшін банкке алдын ала өтініш беру қажет. Әрі қарай банк жинақ салымын салымшының талабы келіп түскен кезден бастап күнтізбелік 30 күннен кейін беруге міндетті. Сондықтан бұл салым ақшасын банкке белгілі бір мерзімге салуды жоспарлаған және оны мерзімінен бұрын алмайтындығына сенімді салымшылар үшін өте қолайлы. Жинақ салымды нағыз тиімді инвестиция деуге болады. Өйткені ең жоғары сыйақы осы салымда.

Салымның түрі мен валютасына қарай кепілдік берілген өтем сомасы да әрқалай болады. Дәлірек өтем ақша:

  • шетел валютасындағы депозиттердің барлық түрі бойынша – 5 миллион теңгеден;
  • жинақ салымнан басқа, теңгедегі мерзімсіз, мерзімді, шартты және талап етілгенге дейінгі салымдар, сондай-ақ төлем карточкалары мен ағымдағы шоттар бойынша – 10 миллион теңгеден;
  • теңгедегі жинақ салымдар бойынша – 15 миллион теңгеден аспайды.

Егер салымшының бір банкте түрі мен валютасына қарай әртүрлі бірнеше депозиті бар болса, олар бойынша төленетін ең жоғары жиынтық сома – 15 миллион теңге. Өтем ақша банк лицензиясынан айырылған күнге дейін есептелген сыйақымен бірге төленеді.

Сонымен Қор сайтының «Калькулятор» парақшасындағы тиісті жолаққа (жолақтарға) салымыңыз (салымдарыңыз) бойынша енгізген ақшаңыз (ақшаларыңыз) «Қорытынды» терезесінде жинақталады. Егер бұл сома салымыңыз (салымдарыңыз) бойынша кепілдік берілген жиынтық өтем сомасынан төмен болса (жинақ салымнан басқа теңгелік салымдар + валюталық салым – 10 млн теңге, жинақ салым + барлық басқа салымдар – 15 млн теңге), «Сіздің салымыңыз пайызымен бірге толығымен қорғалған» деп жазылады. Ал егер салымыңыздың көлемі кепілдік берілген (жиынтық) өтем сомасынан асып кетсе, салымыңыздың түрі мен санына қарай «Сіздің (салымыңыз) жинақ ақшаңыз (пайызымен бірге) кепілдік берілген ең жоғары сомаға (10-15 млн теңге) қорғалған» деген сипатта жазба шығады. Ал қорытынды сома қызыл түске боялады. Бұл ақшаңыздың кепілдік берілген шекті сомадан асып тұрғандығын білдіреді.

Кепілдік берілген шекті сомадан артық ақша таратылатын банктің активтері мен мүліктерін сатудан түскен қаражат есебінен өтеледі. Бұл міндеттеме Қорға емес, таратылатын банктің тарату комиссиясына жүктеледі. Комиссия банкті мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енген күні тағайындалады. Салымшылар, яғни жеке тұлғалар мен дара кәсіпкерлер кепілдік берілген сомадан артық ақшаларын алу үшін осы тарату комиссиясына келіп өтініш береді.

Салымшылар кепілдік берілген өтемді Қор таңдаған агент банкке барып, жазбаша өтініш беріп, қолма-қол ақшамен, сол агент банкте депозит ашу жолымен немесе өзі көрсеткен қолданыстағы банк шотына аудару арқылы ала алады.

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының қатысуымен дайындалды