Ұлттық банк 4 банкке 410 млрд теңге көлемінде көмек көрсетеді

1149
Ұлттық банк
Фото: total.kz

Алматы. 18 қазан. 7kun.kz — Ұлттық банк қазақстандық банк секторын сауықтыру бағдарламасына қатысатын төрт банктің өтінішін мақұлдады. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев хабарлады деп мәлімдейді Ұлттық банктің баспасөз қызметі өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.

Данияр Ақышев «2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын таныстыру бойынша Парламент Мәжілісі отырысының қорытынды отырысында журналистердің сұрақтарына жауап беріп, банк секторының қаржылық орнықтылығын арттыру бағдарламасын іске асыру барысы туралы хабарлады.
Данияр Ақышев «АТФ Банк», «Еуразиялық банк», «Цеснабанк» және «Банк ЦентрКредиттің» құны 410 миллиард теңге болатын сауықтыру бағдарламасына қатысуына мақұлдағанын хабарлады.

«Аталған банктер және олардың ірі акционерлері қаржылық орнықтылықты арттыру, активтердің сапасын жақсарту және жұмыс істемейтін кредиттердің деңгейін төмендету жөніндегі іс-шаралар жоспарларын, сондай-ақ банкті үстеме капиталдандыру бойынша жазбаша міндеттемелер ұсынды», — деді Ақышев.

Төрағаның айтуынша, банктердің қаржылық орнықтылығын арттыру жөніндегі іс-шаралар жоспарлары белгіленген тәртіппен Ұлттық банкпен келісілгеннен кейін Ұлттық банктің еншілес ұйымы «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ аталған банктердің реттелген облигацияларын сатып алады.

Еске сала кетейік, бағдарламада банк секторының қаржылық орнықтылығын қамтамасыз ету бойынша үш бағыт көзделеді: Біріншісі, қадағалап реттеудің сапасын және жеделдігін арттыру үшін реттеуші және қадағалаушы ортаны өзгерту. Екіншісі, жүйе құраушы банктің қаржылық орнықтылығын арттыру. Үшіншісі, ірі банктердің қаржылық орнықтылығын арттыру.

Ұлттық банктің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, бағдарлама мемлекеттік қаражаттың ақылы, мерзімді және қайтарымды болу қағидаттарына негізделген және акционерлердің банктерді үстеме капиталдандыру жөніндегі ортақ жауапкершілігін көздейді.