Ұлттық университеттің есепшілеріне 120 млн теңге жымқырды деген айып тағылуда

530

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің есепшілеріне 120 миллион теңге жымқырды деген айып тағылуда. Бұл жөнінде «Алматы» телеарнасы хабарлайды. Әзірге нақты дәлелдер жоқ, десе де аталған қаржы студенттердің оқу ақысы үшін төлеген ақшалары болуы мүмкін.

ЖОО-да орын алған жағдай туралы тәлімгерлер хабардар еткен. Олардың айтуынша, ҚазҰУ-дың бірнеше студенті оқуларын аяқтағаны туралы диплом ала алмайды. Оқу орнында бұл жағдайға студенттердің төрт жыл оқулары үшін ақы төлемегені себеп болғанын айтты. «Бізге құқық қорғау органдарына шағымдануға тыйым салды. Қайта ақыны төлеуді ұсынды. Студенттерден екінші рет төлеуді талап етіп отыр. Төлемеген жағдайда емтихандарға кіргізбейміз деп қорқытты», — дейді Ұлттық университеттің 4-курс студенті.

Студенттер полицияға арыз жазды. Ішкі істер департаментіне (ІІД) жалпы саны 191 арыз келіп түскен. Бірақ, білімгерлердің айтуынша, жапа шеккендер саны бұдан әлдеқайда көбірек. Құқық қорғау органдарында бір есепшінің үстінен тексеріс өтіп жатқандығын растады. «ІІД әл-Фараби атындағы ҚазҰУ есепшісі Нұрлан Б.-ның атына жазылған арызды қарастыруда. Қазіргі таңда тексеріс жүргізіліп жатыр. Сотқа дейін тексеріс жұмыстары тергеуші Ж.Б.Нұрмақинге тапсырылды», — деп хабарлады Алматы ІІД өкілі.

Телеарнаның берген ақпарына сүйенсек, қазіргі таңда ҚазҰУ-дың төрт есепшісі ұсталған. Есепшілердің бірі кепілзаттың берілуімен босатылды. Барлық есепшілерге ірі көлемдегі алаяқтық бойынша айып тағылмақ.