Ұлттық банк алаяқтық фактілері туралы хабарлады

банк
Фото: inbusiness.kz

Алматы. 26 тамыз. 7kun.kz – Ұлттық банк қазіргі уақытта банктік шоттардан және депозиттерден қаражатты ұрлаумен байланысты интернет-алаяқтықтың жаңа схемалары анықталғанын хабарлады.

Мұндай әрекеттер банктік шоттар, төлем карталары мен депозиттер иелерінің ақпаратына рұқсатсыз қол жеткізу мақсатында жүргізіледі. Бұл ретте клиентке қызмет көрсетілетін ірі банктердің байланыс орталықтарының ресми нөмірлеріне ұқсас жалған нөмірлерден қоңыраулар жиі пайдаланылады, не мамандандырылған жабдық арқылы банктің колл-орталығының нөмірінен қоңырау соғылады.

Қаскүнемдер азаматтарға қоңырау шалып, өздерін банк қызметкерлері ретінде таныстыру арқылы алаяқтық жасаудың жаңа тәсілдерін тапқан. Алаяқтар оларға ЖСН, төлем карточкаларының деректемелері, СМС-кодтар мен бір реттік парольдерді атауды талап етеді.

Ұлттық банк ешкімге өзінің парольдерін, СМС арқылы алынған кодтарын, төлем карталарының деректемелерін, паспорттық деректерді айтпауға кеңес береді.