Ұлттық банк «Сүйінші» монетасын шығарды

70
«Сүйінші»

Алматы. 11 қыркүйек. 7kun.kz – ҚР Ұлттық Банкі 12 қыркүйектен бастап номиналы 500 теңгелік күмістен жасалған және номиналы 100 теңгелік мельхиор қоспасынан жасалған «Сүйінші» коллекциялық монеталарын айналысқа шығарады, деп хабарлайды банктің баспасөз қызметі.

Аталмыш монеталар «Қазақстанның әдет-ғұрыптары, ұлттық ойындары» сериясына кіреді. Сүйінші — қуанышты жаңалық. Қуанышты хабар жеткізген адамға «қалағаныңды ал» деп, сыйлық береді. «Сүйінші» деген сөзді айтқанда кез келген адам жақсы хабар жеткізілетінін біледі.

Күмістен және мельхиор қоспасынан жасалған монеталардың бет және сырт жақтарындағы бейнелер бірдей.

Монеталар 925 сынамалы күмістен жасалған, массасы — 24 грамм, диаметрі — 37 мм, дайындау сапасы — «proof», таралымы — 2 мың дана. Ал екінші түрі мельхиор қоспасынан жасалған, диаметрі — 31 мм, массасы — 11,17 грамм, дайындау сапасы — «brilliant uncirculated», таралымы — 30 мың дана.

Номиналы 500 және 100 теңгелік коллекциялық монеталар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында көрсетілген құнымен төлемнің барлық түрлері бойынша, сондай-ақ банк шоттарына есептеу және аударым жасау үшін қабылдануға міндетті. Қазақстан Республикасының барлық банктерінде шектеусіз ұсақталады және айырбасталады.

Монеталар коллекциялық құны бойынша сатуға арналған. Күміс монеталар кәдесыйлық орауымен шығарылады және Ұлттық Банктің мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдеріндегі нөмірлік сапа сертификатымен жабдықталған. Мельхиор қоспасынан жасалған монеталар сату үшін арнайы полиграфиялық орауға салынған.

Коллекциялық монеталарды Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің барлық аумақтық филиалдарында, сондай-ақ nationalbank.kz сайтында «Ұлттық валюта» деген бөлімде Интернет-дүкен арқылы сатып алуға болады.