Малайзияға қалай баруға болады?

Малайзия
Фото: zhanar.kz

Кез келген елге саяхат жасамас бұрын барар жеріңіз жайлы толық біліп алғаныңыз  жөн. Саяхаттайтын ел мен уақыты анықталған соң белгілі бір туристік компанияға демалыстың барлық машақатын тапсырып не өзіңіз сауатты түрде кірісуіңіз шарт. 7kun.kz тілшісі бүгін экваторлық белдеуде орналасқан  Малайзияға  саяхат жасайды.

Астанасы — Куала-Лумпур

Үлкен қалалары — Джохор-Бару, Джоржтаун, Куантан.

Ақша бірлігі – ринггит.  1 ринггит -74.43 теңге.

 Малайзияға Қазақстаннан Астана — Куала-Лумпур, Алматы — Куала-Лумпур бағытында тікелей ұшуға болады. Немесе Ташкент, Абу-Даби, Бангкок арқылы да жете аласыз. Малайзияда визасыз режим орнатылғандықтан, 30  күн визасыз саяхаттап қайтуыңызға болады.  Қазақстаннан (Алматы) Малайзияға ұшу  «Аir astana» әуе компаниясы бойынша 150 — 160 мың теңге аралығында билет алуға болады. Бірнеше ай алдын тапсырыс беретін болсаңыз, біршама жеңілдіктер қарастырылады.

Қай жерде тұрақтау керек?

Шет елге саяхаттаудағы жасалатын алқашқы қадамдардың бірі — қонақүй таңдау мәселесі.   Вooking.com сайтының көсетуінше, Куала-Лампурде екі  жұлдызды қонақүйде тұрақтағыңыз келсе бір аптаға 35 000 — 60 000 теңге төлейсіз. Үш жұлдызды қонақүйде бір апта тұру үшін 70 000 теңге көлемінде қаржы төлейсіз.        Ал егер сіз Малайзияға екі адам болып барсаңыз, booking.com сайтының көрсеткен қонақүйлерінің  бір күнге арналған орташа бағасы төмендегідей:

  • КуалаЛампур — 10 доллар
  • Лангкави— 15 доллар
  • Пенанг— 13 доллар
  • Малакки— 9 доллар
  • Кота-Кинабалу (Борнео) —  14 доллар
  • Реданг аралында — 40 доллар

Шоппинг және саяхат

Куала-Лумпурға бірінші рет барған туристке Петронас (Petronas) егіз мұнарасын барып көруді ұсынамыз. Сонымен бірге,  41 қабаттық мұнараны жалғастырып тұрған — Sky Bridge көпірімен қыдыруыңызға да болады. Жағажайдың жәннаты болып есептелетін – Лангкави, Пенанг аралдарына бір күніңізді арнаңыз. Лангкави  мен Пенанг аралдарына бір аптаға демалу үшін, шамамен,  1200 доллар  жұмсайсыз.

Малайзиялықтардың тарихымен танысқыңыз келсе 1511 жылы құрылған  мәдени астана Малаккаға жол тартыңыз.  Сапарға шыққанда астанадан 51 км қашықтықта орналасқан таулы климатты Гентинг-Хайлендз курортына баруыңызға болады. Мұнда атақты Чин-Суи храмын тамашалай аласыз.

Куала-Лаампур қаласында 40 астам ірі сауда орталықтар жұмыс істейді. Ал қарашадан сәуір айына дейін мұнда  30-70 пайыз   жеңілдіктер болады. Бұл елге барғанда бағасы арзан сауда орталығын іздеудің қажеті жоқ. Өйткені, тауарлардың барлығы бірдей бағада сатылады.

Малайзия асханасы

Малайзия елінде бірнеше ұлт өкілдері тұратындықтан асханасында да түрлі елдің тағамдарымен таныса аласыз. Тамақтану чегінің орташа бағасы Таиланд және тағы да басқа Азия елдеріне қарағанда екі есе жоғары болады. Ал  ортаңқол дәмханада екі адам болып  тамақтансаңыз және алкоголді ішімдік ішсеңіз, шамамен, 8-9 мың аралықта ақша төлейсіз. Малайзия мұсылмандар мемлекеті болғандықтан алкоголді ішімдіктің құны жоғары.

Фото:tonkosti.ru

 Транспорт

Куала-Лумпурде метро, автобус, монорельс, такси секілді барлық транспорт түрі бар. Жол ақысы сіздің жүрген аялдамаңыздың санына қарай төленеді. Ал қала ішінде жүру үшін  кез-келген  таксиге- 5-10 ринггит төлейсіз. Шамамен, 370 теңгеден 740 теңгеге дейін  болады.  Ланкави, Борнео, Пенанг секілді аралдарға астанадан ұшу 30-40 минут уақытты алады.  Ұшу бағасы- 50 доллардан қымбат болмайды. Естуімізше, Малайзияда қонақүйде тұрып, бір апта саяхат жасап, ұшу-келу  билетін есептегенде орта есеппен 270 мыңдай теңге кетеді екен.  Ал туристік агенттіктер бір аптаға демалып қайту үшін жол ақысын , қонақүй бағасын есептегенде 1 570 долларлық қызмет түрін ұсына алады екен.

Ауа-райы

Малайзия-экваторлық белдеуде орналасқандықтан қараша мен қаңтар айында да градус  +26 °C болса, жаз айларында максималды температура  +33 °C градусты көрсетеді. Аталған мемлекеттегі ең суық  деп саналатын жер Кинабалу тауының аймағы.  Онда температура +10 °C көрсетіп, жыл бойына жаңбыр жауып тұрады.

 Туристер этикеті

  • Малайзия халқының көп бөлігі ислам дінін ұстанатындықтан саяхат жасағанда жабық киімдерді таңдағаныңыз жөн.
  • Мешітке не үйге кіргенде аяқ киіміңізді шешіп кіргеніңіз дұрыс.
  • Жергілікті тұрғынның бірі сізге қонақ етіп, сусын ұсынса қолын қайтармаңыз. Сусынды қайтарғаныңыз сыйламағандықтың белгісі болады.
  • Малайзиялық әйелдер басын изеп, күліп қарсы алады. Әйел кісі өзі бірінші қол созбаса, қол берісіп амандаспағаныңыз жөн.
  • Жергілікті тұрғындар кез- келген тағамды не сусынды сол қолмен ұсынбайды. Малай халқының ұстамы бойынша, сол қол харам болып есептеледі.
  • Будда дінінің түсінігінде адамның басы қасиетті делінеді. Малайзиялықтардың будда дінін ұстанатын азаматтарын ескерсек, балалардың басын ұстамағаныңыз дұрыс.
  • Сонымен бірге, бұл елдің тұрғындары туристердің өз араларында президентті және мемлекет басшыларын жамандауға рұқсат етпейді.

 Төтенше жағдайлар кезінде қажет болатын нөмірлер:

Полиция: 999

Құтқару қызметі: 994

Куала-Лумпурдың туристік полиция орталығы : 296—590

Малайзияның туризм және саяхат ассоциациясы (Malaysian Association of Tour and Travel/MATTA): (3) 928—768-81, +60 (03) 9222-1155 (hunting Line)

Зүбайра ЖОРАБЕК «7»