Мамыр айында Астана әуежайында жаңа терминал мен жаңа темір жол вокзалының құрылысы аяқталады

терминал
Фото: skyscrapercity.com

Астана. 10 сәуір. 7kun.kz — 2017 жылдың мамыр айында Астана әуежайының жаңа терминалы мен жаңа теміржол вокзалының құрылысы аяқталады. Бұл туралы ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді.

«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында іске асырылып жатқан маңызды жоба туралы айтуға тиіспін.  Ол – Астанадағы жаңа теміржол вокзалының құрылысы. Құрылыс және әрлеу жұмыстары биыл мамыр айында аяқталатын болады. Жалпы жаңа вокзалдың өткізу қабілеті – тәулігіне 35 мың жолаушыны. Ал қолданыстағы вокзалмен қосқанда – тәулігіне 48,8 мың жолаушы болады. Бұл Астанадағы, әсіресе халықаралық көрмені өткізу кезінде сапалы қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді», — деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Сондай-ақ, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында «Астана қаласының жаңа терминалын салу және әуежайының ұшу-қону алаңын қайта жаңғырту» жобасы жүзеге асып жатыр.

Онда жаңа терминалдың, тұрақ орындарының құрылысы, инженерлік инфрақұрлымды және перронды қайта жаңғырту мен аумақты абаттандыру көзделген.

Министр атап өткендей, әуежайдағы барлық құрылыс жұмыстары биылғы жылдың 15 мамырында аяқталады.