Маңғыстаулық кәсіпкерлер 300 отбасыға бір жыл бойы көмектеседі

79

Ақтау. 14 наурыз. 7kun.kz —  Амал мерекесі қарсаңында Маңғыстау облысында ерекше қайырымдылық акциясы басталды.  Акцияның мақсаты — өңірдегі әлеуметтік жағдайы өте төмен отбасыларға қолдау көрсету.

Шара аясында әр кәсіпкер 1 жыл көлемінде 10 отбасыға шама шарқынша көмек қолын созбақ. Әл-ауқаты төмен отбасыларының жақсы өмір сүруіне талпынысын оятып, аяққа тұрып кеткенше көмектеседі. Олар түрлі бағытта жүзеге асады.  

 «Мақсат – осы шараны басынан бастап аяғына дейін жеткізу. Кәсіпкер ретінде айтарым, аймақта кәсіппен айналысамын дегендерге жағдай жасалынған және қолдау көрсетілуде. Талпынған, кәсіппен айналысамын деген отбасыларға көмектескіміз келеді. Батылдығы, жігері мол адамдар көп, тек басын қалай бастарын білмей жүр. Қазақта «бұлақ көрсең — көзін аш» демекші, олар алғашында сәл демеп жіберуді, бағыт көрсетуді қажет етеді», — деді осы жобаға ат салысып жатқандардың бірі, кәсіпкер Иса Бимырзаев.

Шара барысында 300 отбасыға көмек көрсетіледі, оның 90-ға жуығы Жаңаөзен қаласында тұрады. Қазірдің өзінде  Жаңазендік бірнеше отбасыға пәтер сыйға тартылып, бірнеше үйде жөндеу жұмыстары басталған.

Жеке бизнесін ашқысы келген адамның бірі — «Рахат» ауылының тұрғыны  Наурыз Алдабергенов. Өз мүмкіндігі болмаған азаматқа кәсіпкер Самат Мұсабаев жылыжай салуға көмектесетін болды.

 «Біздің мақсатымыз — оларға тек бір жолғы қаржы беріп немесе азық-түлік алып беру емес, олардың күнкөрісін жақсартуға бағытталған нақты шаралар ұйымдастыру»,- деді жоба үйлестірушісі Айжани Нұрланова.

Кәсіп ашу үшін жоба жасағанымен, оны жүзеге асыруға қаржысы болмаған отбасыларға көмек беріледі. Олардың басым бөлігі – мал шаруашылығымен, құс өсірумен, тігінмен айналысуға ниет білдірді. Ал акцияны қолға алған кәсіпкерлер тұрғындарға қажетті құралдарды, шаруашылық жүргізу үшін мал, құс сатып алып береді, қора мен жылыжай да салып береді.

Маңғыстаулық кәсіпкерлер бұл акцияны республика деңгейінде жүзеге асырамыз деп отыр. Акция аясында кәсіпкерлер облыстың барлық аудандарын, шалғай ауылдарды араламақ. Бүгін Жаңаөзен қаласынан бастау алған керуен енді Шетпе селосына бет алды.