Мәжіліс сайлауында 12 миллионға жуық адам дауыс бере алады

Алматы. 23 қаңтар. 7kun.kz – 19 наурызда өтетін мәжіліс пен мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауында 12 миллионға жуық сайлаушы дауыс бере алады, деп хабарлайды 7kun.kz.

Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының кезекті отырысында белгілі болды.

2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша сайлаушылар реестріне 11 976 406 сайлаушы енгізілген. Олар тұрғылықты жері бойынша алдын ала сайлау учаскелеріне бөлінді.

Сайлаушылардың ең көбі – 1 117 507 азамат Түркістан облысында, ең азы – 137 277 азамат Ұлытау облысында тұрады.

Айта кетейік, мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлау биыл 19 наурызда өтеді. Кандидаттарды ұсыну 20 қаңтар мен 8 ақпан аралығында жүреді.

Сайлауға Қазақстанда тіркелген 7 саяси партия да қатысады.