Мектептер 5 күндік білім беруге көшеді

787

2016 жылдан бастап, Қазақстан мектептерінде 5 күндік оқыту стандарттары енгізіледі. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов мәлім етті.

«Біз Қазақстан Президентінің тапсырмасымен орта білім беру мазмұнын өзгертуді бастап кеттік. Жаңа бағдарламалар енгізіледі. Онда білім беруден бұрын, оқушыларға қажетті машық пен дағдыларды қалыптастыруға үлкен мән беріледі. Бүгінде біз 30 мектепті таңдап алдық, қыркүйектен бастап сол жүйені соларға тәжірибе ретінде енгіземіз. Келесі жылы 1 сыныптан бастап, барлық мектептерге тарататын боламыз», — деп атап өтті министр.

Оның айтуынша, жаңа стандарттар баланың оқуға тиісті бағдарламасын ауырлатпайды.

«Оқушылардың оқу көлемінің тым артып кеткендігіне қатысты пікірге келетін болсақ, ауыртпалық өзгермейді. Оқу бағдарламасы одан әрі ауырламайды. Жаңа стандарт бойынша біз 5 күндік оқу жүйесін қарастырып отырмыз. Мектептердің басым бөлігінде 5 күндік оқу болады. Оқушылар тым көп және үш ауысымда оқытатын мектептерде 6 күндік оқыту әлі сақтала бермек. Бірақ олардың саны бірен-саран», — деді А. Сәрінжіпов.