Мемлекет басшыларының әуе ұшақтары

Фото: duibe7slt06r7.cloudfront.net

Әрбір елде президент пен билік басшыларын тасымалдайтын арнайы әуе ұшақтары болатындығы белгілі. Кейбір ел басшылары тек бірнеше лайнерді қолданса, енді бірі заманауи технологиямен жабдықталған жоғары жылдамдықтағы ұшақтары бар әуе флотына ие. Air Charter Service компаниясы, чартерлік тасымалдау саласының үздігі, зерттеу жүргізу арқылы әлемдік держава лидерлерінің қандай ұшақтарды қолданатындығын білген болатын. Сол ақпаратты сіздердің назарларыңызға ұсынамыз.

Ресей Президенті Владимир Путиннің әуе ұшағы – ИЛ-96-300ПУ. Ұзындығы 65 метрге жететін, ал қанаты 60 метрден асатын ақ түсті лайнер.

Фото: avia.pro

Борт барлық жағынан да президенттің жайлы саяхаттауына ыңғайластырылған. Қосымша байланыс орнататын жабдықтар бұл ұшақты төтенше жағдай кезінде президенттік басқару орнына да айналдырады. Дене шынықтыру залы мен тынығу бөлмесі де бар. Президенттің кабинеті гобелен, алтын сынды бағалы заттармен безендірілген. Интерьер арнайы швейцариялық фирма Jet Aviation AG эскизімен неоклассикалық стильде даярланған. Бір ұшақтың стандартты құны — 60 миллион доллар, ал ішіндегі барлық жиһаз-жабдықтарымен, өзгерістерімен бірге есептер болсақ, 500 миллион доллар шамасын құрайды. «Ресей» президенттік авиациялық бөлімде осы модельдегі тағы үш әуе кемесі қызмет көрсетеді. Әуе флотында жалпылама 68 ұшақ бар.

АҚШ президенті қолданатын әуе ұшағының кез келгенін «Air Force One» деп атайды екен. Мэриленд штаты Эндрюс әуе базасында орналасқан президенттік флотта Дональд Трамптың екі арнайы дайындалған лайнері (Boeing 747-200B) бар. Әскери атауы – VC-25A. Ұзындығы 70 метрге жетсе, қанаты 65 метр шамасын құрайды.

Фото: a.abcnews.com

Бұл ұшақтың алғашқы жолаушысы 1990 жылы үлкен Джордж Буш болған. Кейіннен заман талабына сай ұшақты техникалық жағынан жақсарту мақсатында біршама жұмыстар жүргізілді. Ал билік еткен әрбір президенттің талғамына қарай әуе кемесінің интерьері де өзгеріп отырды.

Стандартты шабуылдан, экзотикалық әсерден қорғайтын жүйеге ие. Ұшақта қорғалған бірнеше байланыс каналы жұмыс істейді. Борттың ішінде төтенше жағдайға арналған хирургтық алғашқы көмек көрсететін операция жасау бөлмесі де бар. Әрине, президент жұмыс барысын талқылау үшін өзінің қызметкерлерін бірге ала жүреді. Сондықтан ұшақта 70 жолаушыны, 26 экипаж қызметкерін тасымалдайтын орын да дайын. Бүгінге дейін жүргізілген барлық толықтыру мен өзгерістерді есептер болсақ, бір ұшаққа 1 миллиард доллар шамасында қаражат жұмсалған. Әуе саяхатының барлығы дерлік осы екі ұшақпен жүзеге асады. Кейде сәл кішірек Boeing C-32 ұшағы қолданылады.

Германия елінің канцлері Ангела Меркель мен ондағы билік өкілдерін тасымалдаумен айналысатын арнайы бөлімше бар. Оны «Германия билігінің әуе флоты» деп те атайды. Жұмыскерлер саны 1000 адамнан асады.

Германияның ішкі қалаларына бару кезінде Eurocopter AS 532 тік ұшағы қолданылады. Штатты аталмыш модельдегі үш тік ұшақ қызмет көрсетеді. Ал алысырақ аймаққа бару керек болса (2000 км-ге дейін), Ангела Меркель кызметіне Bombardier Global 5000 бизнес-джетінің (әкімшілік ұшақ) бірден төртеуі әзір. Бір ұшақтың бағасы 70 миллион доллар шамасын құрайды. Одан басқа Airbus A319-133X CJ ұшақтары қызмет көрсетеді. Аталмыш модельдегі бір ұшақтың бағасы 150 миллион доллардан асады. Дегенмен, осылардың ішіндегі Airbus A340-313X VIP «Конрад Аденауэр» және оның «егізі» Airbus A340-313X VIP «Теодор Хойс» басқа ұшақтарға қарағанда үлкен басымдылыққа ие.

Фото: i.ytimg.com

Ұшақ 150 шақты жолаушыны тасымалдауға арналған. Бортта жуынатын бөлме, жатын бөлме, жұмыс кабинеті және конференц-зал бар. Сонымен қатар, «Конрад Аденауэрде» құпия келіссөздер жүргізу үшін дыбыс изоляциясына ие арнайы бөлме орнатылған.

Германия канцлерінің борты таныс және таныс емес тұлғаларды анықтайтын заманауи жүйеге, ракетаға қарсы қорғанысқа ие. Ұзындығы жағынан Дональд Трамп және Владимир Путиннің ұшағынан қалыспайды. Ал АҚШ президентінің Boeing 747-200B ұшағына қарағанда екі есе көп жолаушы тасымалдай алады. «Конрад Аденауэр» мен «Теодор Хойс» ұшағының әрқайсысының бағасы 300 миллион доллар шамасын құрайды.

Англия Патшайымы Елизавета ІІ, Ұлыбританияның билік басшыларын және патшалық отбасы өкілдерін тасымалдаумен Біріккен Патшалықтың ВВС 32-эскадрильясы айналысады. Оның құрамына AW109 тік ұшағы, BAe-125 мен реактивті BAe 146 ұшағы және Елизавета ІІ жеке тік ұшағы Sikorsky S-76 Spirit кіреді. Флоттағы ұшақтардың жалпы бағасы 100 миллион долларды құрайды.

Фото: flyinginireland.com ВАе-125 ұшағы

Ал жақында Біріккен Патшалықтың ВВС 32-эскадрильясы бағасы 250 миллион долларды құрайтын Airbus A330 ұшағымен толықтырылды. Басты ерекшелігі — әуеде жанармай құю мүмкіндігіне ие.

Фото: i3.mirror.co.uk

Дегенмен, басқа стандартты өзгерістерді есептемесек, қарапайым жолаушы тасымалдайтын әуе ұшағына көбірек ұқсайды. Бұл лайнердің негізгі қызметтерінің бірі — Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэйді ресми тасымалдау. Бортта VIP орындар, министрлер мен олардың орынбасарларына арналған 58 бизнес кластық және журналистерге арналған 100 эконом кластық орын бар.

Қазақстан Республикасы Президентінің ресми сайтында жарияланған ақпаратқа сүйенсек, 2016 жылы Нұрсұлтан Назарбаев 15-тен аса елге әуе саяхатын жасаған. Жұмыс барысымен кейбір мемлекетке бірнеше рет барған. Шамамен, Назарбаевтың әуеде болған уақыты 140 сағаттан асады. Елбасының тасымалын қамтамасыз ететін «Berkut» мемлекеттік әуе компаниясы.

Фото: data.vb.kg

Арақашықтығы жақын немесе таулы аймақтарға арнайы дайындалған Ми-8 тік ұшағы қолданылады. Жолы қашықтау аймақтарға әуе саяхаты CRJ-200 және Embraer-135 ұшақтарымен жүргізіледі. Мемлекеттік маңызды кездесулер кезінде Airbus A320-214 (CJ) Prestige, Airbus A321-211 (CJ) ұшақтары қолданылады. Ал Airbus A330-243 Prestige ұшағы АҚШ, Қытай, Ресей сынды елдердегі ресми кездесулер, саяси және экономикалық форумдарға бару кезінде жиі қызмет көрсетеді. Бұл ұшақтың бағасы 250 миллион доллардан асады.

Дереккөз: http://www.aircharter.ru