Мемлекеттен көмек алған кәсіпорындардың тыныс-тіршілігі қандай?

82
көмек

«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы  аясында Алматы қаласы бойынша 100-ден астам кәсіпорын «Даму» қоры арқылы көмек алған.  Бұл туралы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Алматы қалалық филиалы ұйымдастырған баспасөз туры барысында белгілі болды.

Қазіргі таңда «Даму» қоры арқылы көптеген бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Біріншісі — 2010 жылдан іске қосылған «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы. Мұның аясында кәсіпкерлерге субсидия және кепілдік беру арқылы көмек көрсетіліп келеді.

«Мұнда банктен 14,25%-бен несие алады, соның 50%-на дейін «Даму» қоры субсидия ретінде бөліп береді. Сондай-ақ, Қор жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарға 50%-ға, ал жас кәсіпкерлерге 85%-ға дейін кепіл болады», — деді «Даму» қорының Алматы филиалының клиенттермен жұмыс істеу жөніндегі бас менеджері Лаура Оралтаева.

Фото: Total.kz

Оның айтуынша, бүгінгі таңда Алматы қаласы бойынша 100-ден астам кәсіпкер осы бағдарлама аясында субсидия алған. Бұдан басқа, өткен жылы тағы бір бағдарлама іске қосылған – «Қарапайым заттар экономикасы». Бағдарлама арқылы кез келген кәсіпкер қызмет саласына қарамастан субсидия ала алады.

«Ең бастысы, несиенің пайызы 15%-дан жоғары болмауы керек, сонда Қор 9%-ға субсидия бөледі, нәтижесінде кәсіпкер 6%-бен несие алады. Субсидия мерзімі инвестициялық жобалар үшін – 7 жылға дейін, ал қаражат айналымы үшін – 3 жылға дейін. Қазіргі таңда 14 кәсіпкер осы баңдарлама бойынша субсидия алды», — деді «Даму» қорының Алматы филиалының бас менеджері.

Ал «Еңбек» бағдарламасы бизнесті бастағандарға 20 млн теңгеге дейін жеңілдетілген несиені 6%-бен алуға мүмкіндік береді. Алматы қаласында 114 кәсіпкер жеңілдетілген несие алған.

«Аталған барлық бағдарламалар бойынша несиені банктен алады. Субсидия керек болса біздің қорға келіп, тиісті құжаттарды өткізеді. Сондай-ақ, құжаттарды egov.kz – электронды үкімет порталы және биыл іске қосылған online.damu.kz порталы арқылы өткізуге болады», — деп түсіндірді Лаура Оралтаева.

Баспасөз-туры барысында журналистер әртүрлі салада қызметін жүзеге асыратын төрт кәсіпорынға барды: «As&Er» ЖШС, «Аврора» өндірістік кешені» ЖШС, «ARIBA» ЖШС, «Тен Елена Николаевна» ЖК.

БАҚ өкілдері ең алдымен «As&Er» ЖШС кәсіпорнының «Архимедакис» зияткерлік даму орталығында болды. 2-17 жас аралығындағы балаларға арналған орталықта қазіргі таңда 4 мұғалім сабақ береді. Балаларға ағылшын, қазақ, орыс тілінде, математика және басқа да пәндерден сабақ өтіледі. Сонымен қатар, логопед-маман жұмыс істейді.

«Бизнестің жол картасы – 2020» бойынша  «Еңбек» бағдарламасымен  ВТБ арқылы мемлекеттен көмек алдық. «Даму» қоры жетпеген ақшамызға 6%-бен кепілдік берді. Алынған нақты қаржы 11 млн 293 мың теңгені құрайды. Ол – инвестициялық ақша. Негізінен құрал-жабдықтарға және қызметті біраз уақыт алға жылжытуға жұмсалды», — деді «As&Er» ЖШС директоры Асмира Сұлтанова.

«Архимедакис» орталығында оқу құны бір айға – 33 мың теңге. Сондай-ақ, бір отбасыдан шыққан балаларға жеңілдік бар. Бүгінде мұнда 20 бүлдіршін сабақ алып жатыр. Басым бөлігі — 2-4 жас аралығындағы балалар.

Келесі кезекте журналистер «ARIBA» ЖШС кәсіпорнына ат басын бұрды. 2001 жылы құрылған компания еуропалық сапа мен эргономика деңгейіне сәйкес келетін жұмсақ жиһаз шығарады. Жиһаздың 40-тан астам түрі бар. Оларды 130-дан астам жұмысшы жасап шығарады. Өнімдер Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Қостанай, Семей, Бішкек қалаларындағы сауда нүктелері және Шымкент қаласындағы өкілдік арқылы сатылады.

«Тапсырыс берушілер көп, олардың ішінде ірі компаниялар да бар. Мәселен екі жыл бұрын «Халық» аренаға жиһаздар дайындадық. Әрине, бұл ретте қызметті дамытуға «Даму» қоры субсидияны қайтару бойынша көмек көрсетті. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы жұмыс істеп тұрған кәсіпке субсидия алдық. Несиені жаңа құрал-жабдықтарды алуға жұмсадық. Қазіргі таңда несиенің көлемі 131 млн теңгеге тең. Оны төлеу уақыты — 2022 жылға дейін», — деді компанияның бас есепшісі Наталья Криваношкина.

«Даму» қоры арқылы мемлекет қолдауына ие болған тағы бір компания — «Аврора» өндірістік кешені» ЖШС. Кәсіпорын тұрмыстық химия өндірісімен, атап айтқанда ыдыс, терезе, жуыну бөлмелерін тазалауға арналған құралдар, косметикалық жуу (сусабын, душқа арналған гель және т.б) және дезинфекциялық құралдар өндірумен айналысады. 2005 жылы негізі қаланған компания тек 2012 жылы ресми тіркеліп, осы уақыттан бастап бір бренд аясында жұмыс істеп келеді.

«2015 жылы «Даму — Өндіріс» бағдарламасымен жылдық 6%-бен «Даму» қорынан қолдау алдық. Қазіргі уақытта 115 адамды жұмыспен қамтып отырмыз», — деді «Аврора» өндірістік кешені» ЖШС бас директоры Алшанбаев Данияр.

Бас директордың айтуынша, кәсіпорынның өнімдері тек Қазақстан аумағында ғана сатылып қоймай, жақын шетелдерге экспортталады: Қырғызстан, Ауғанстан және басқалары.

Қызметінің негізгі бағыты шаштараз және сұлулық салондарына маманданған «Тен Елена Николаевна» ЖК несиені «Жібек жолы» бағдарламасы бойынша инвестиция ретінде алған. Қарыз қаражаты салонның құрылысына, қажетті саймандарды сатып алуға және жиһаздарды сатып алуға жұмсалған. Жеке кәсіпкерлік директоры Тен Еленаның сөзінше, кәсіпорынның құрамына 2 сән салоны кіреді.


«32 млн теңге кредитті 5 жылға алдық. Қаражат негізінен құрылысқа, сән салондарды іске қосуға бағытталды. Мына «Алиса» салоны 30 қызметкерге арналып салынған. Мамандарды әдетте орындарды жалға беру және пайыздық негізде қабылдаймыз. Біздің ерекшелігіміз, барлық қызметті бірге ұсынамыз. Make-up, шаштараз, тырнақ күтімі, кірпік жабыстыру, сондай-ақ косметалогия бойынша қызметтер бар. Жақында массаж қызметі іске қосылады», — деп түсіндірді ЖК директоры.

Баспасөз турының соңында Қор қызметкерлері «Даму» қоры қызметінің негізгі бағыттары – кәсіпкерлікті қолдауды қамтамасыз ету, кәсіпкерлікті дамыту және кеңес беру қызметтері туралы баяндады.