Несие тарихыТаңдаулы1

Мен банкке қалай қарыз болдым?

Бұл бір түсініксіз жағдай болды. Бір несие төлеп жатқан сияқты едім. Енді аяқ-астынан тағы да банкке қарыз боп қалдым.

Қызымды ұзатқанда ұят болмасын деп артынан апаратын дүниенің бәрін сапалысын алдым. Ондай дүниенің арзан болмайтыны түсінікті ғой. Соңында теледидарға ақшам жетпей, 200 000 теңге тұратын техниканы жеті айға несиеге алдым. Сөйтіп оны бірнеше айда төлеп тастағанмын. Несие рәсімдеп жатқанда менің қарсылығыма қарамастан менеджер 20 000 теңгенің несие картасын қосып берген болатын. Қарызымды уақытында төлеген соң, несие картасына тиіскен жоқпын. Бір күні менеджер маған хабарласып, қарызды уақытында жапқан үлгілі тұтынушы болғаным үшін, мен сияқтыларға несие картасы үшін акция жүріп жатқанын хабарлады. Картаны пайдаланған кезде автоматты түрде 5 000 теңге түсіп тұратынын да жеткізді. Мен бұл ұсынысты пайдаланғым келген жоқ. Дегенмен соңында картаның көмегіне жүгінуге тура келді. 14 000 теңгесін жұмсадым, 5 000 теңге ақшаны қолма-қол шығарып алдым. Келісімшартта 55 күнге дейін пайыз жүрмейтіні туралы жазылғанын оқыған соң, ештеңеге уайымдамай жүре бердім. Бір апта өткен соң банктің сайтына кірсем, картаның қызмет көрсету ақысы үшін 2000 теңге және үстеме пайыз қосылып тұр. Аса көп болмағанымен, ол да ақша ғой. Бір апта өткен соң, пайызы өсіп кетпесін деп 22 000 теңге төлеп тастадым. Үш күннен соң қарасам – картада ақша жоқ. Банкке хабарласып білсем, ол ақша екі аптадан кейін төлейтін несиемді жабуға кетіпті (техникадан кейін, ақшалай тағы несие алған болатынмын). Ал картадағы несие мен сомасы сол күйінде қалды, пайызы өсіп жатыр. Банк қызметкерлері менімен сөйлесіп, түсіндіруге ешқандай құлық танытқан жоқ. Менеджер тек осылай болу керегін, ешқандай көмек көрсете алмайтынын ғана айтты. Сөз тыңдап жатқан ол жоқ, өзінің бір жаттанды әңгімесін айтып, жүйкеме тиді. Сөйтіп 5 000 теңгелік акцияға алданып, бірнеше есе жоғары қарызға кіріп кеттім, оның үстіне пайыздары тағы бар.

Қазіргідей қиын заманда 100 теңгенің өзі ақша. Тұтынушыны алдап қажеті не? Түсініксіз пайыздарды қосып, ақша жымқырудың амалы ма? Менің біраз таныстарымның басында да осындай жағдай болған екен. Міне, сөйтіп ойда-жоқта тап болған қарызымды төлеп жатырмын. Сондықтан абайлаңыздар…

Tags

Осы айдарда

Close