«Мен сендерге қарағанда көбірек қазақпын» – Қадыров қазақ халқы туралы айтқанына түсініктеме берді

Шешенстан. 21 маусым. 7kun.kz –Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров жақында өзінің ҰҚШҰ басшыларына жасаған видео үндеуіне және ондағы қазақ халқына қатысты айтқан сөздеріне түсініктеме берді, деп хабарлайды 7kun.kz.

Оның айтуынша, айтқан сөздерін кейбір блогерлер асыра сілтеп, «хайп» жасауға тырысып жатыр.

«Достар, көреген блогерлер көбінесе менің мәлімдемелерімнің контексінен сөз тіркестерін алып тастап, «Қадыров айтты» деген префикспен «хайптың» қаймағын сызып тастауға тырысады. Енді, міне, ақылды біреу неге екені белгісіз, менде қазақ халқына қарсы бір нәрсе бар деп ойлады да, басқа өте ақылды адамдар осы өте ақылдының соңынан ерді. Бейнежолдауымда мен әңгіме саясат туралы, ҰҚШҰ туралы, халық емес, мемлекеттің саяси ұстанымы туралы болып жатқанын баса айттым», – деп ақталды Қадыров.

Ол қазақ халқын үнемі құрметтейтінін айтып, өзгелерге де олар жайлы жаман айтуға жол бермейтіндігін атап өтті.

«1944 жылы шешендермен соңғы бір үзім нанын бөліскен қазақтар туралы жаман сөз айтуға өзіме де, өзгеге де ешқашан жол бермеймін. Ал өзін құрметтейтін шешендердің бәрі де осындай пікірде. Ештеңені дәлелдеудің де, түсіндірудің де қажеті жоқ. Бұл даусыз шындық. Одан да бұл тақырыпты өрбітіп, біздің қарым-қатынасымызға сызат түсіруге тырысатын арандатушыларды іздеген жөн», – деді ол.

Шешенстан басшысының айтуынша, оның сөздерінен астыртын мағына іздеудің қажеті жоқ.

«Сондай-ақ, бұрынғы КСРО-ның басқа халықтарына, соның ішінде беларустарға, украиндарға және басқаларға қатысты бірдей ұстанымдамын. Бірақ мен саясат пен саясаткерлерді сынауға өзіме рұқсат беремін және әрқашан өз ойымды дәл айтамын. Менің айтқанымнан ерекше, терең астыртын мағына іздеудің қажеті жоқ», – деді Шешенстан басшысы.

Рамзан Қадыров өзінің сөзін бұрғысы келген блогерлерге үндеу жолдап, өзін Қазақстанмен не байланыстыратынын айтты. Сонымен қатар, Шешенстан президенті өзінің қаңтар оқиғасына байланысты айтқан сөздеріне түсініктеме берді.

«Мен сендердің көңілдеріңді қалдырғым келмейді, керісінше, қуантқым келеді. Мен сендерге қарағанда көбірек қазақпын, дон. Менің әкем Қазақстанда дүниеге келген, атам да Қазақстанда жұмыс істеген, атамның бауыры сонда жерленген. Мен ешқашан қазақ халқы жайлы жаман айтқан емеспін, дон. Мен жалпы саясат туралы айттым, дон. Барлықтарыңыз Қазақстанда не болғанын білесіздер (қаңтарда — ред.). Ондағы өлім жағдайларын білесіздер. Сол істердің артында біреу тұрды. Сол кезде ҰҚШҰ-ның көмегі керек болды. Сонда Ресей ең бірінші болып көмек көрсетті, оны сол кезде Қазақстанның президентінің өзі де айтты, дон. Сондықтан бұны саясатқа айналдырудың қажеті жоқ. Мен қазақ халқын жақсы көремін және шешен халқы қазақтарға разы, дон», – деді Қадыров.