Михаил Ломтадзе: Бір ІРО барысында Қазақстан туралы көп айттық

125

Бірнеше аптадан бері халықаралық іскерлік ақпарат құралдары Қазақстандық технологиялық  компания — Kaspi.kz-тің табысты түрде ашық акция орналастырғаны (IPO) туралы айтуда. Бұған себеп жоқ емес, өйткені Kaspi.kz-тің ІРО-сы ірілігі жағынан 2020 жылы Лондон қор биржасында екінші, Еуропада төртінші болды.  Осыған орай біз халықтық жобаға айналған Kaspi.kz технологиялық брендінің басқарма төрағасы және негізін салушылардың бірі Михаил Ломтадземен сұхбаттастық.

– Көпшілік қазір Kaspi.kz-тің табысты IPO-сы туралы айтып жүр. Бұл елдің инвестициялық тартымдылығына әсер ете ме?

– Әрине, жақсы әсер етеді. Біз жұмысымызда «Қазақстанға жақсы болса, Kaspi.kz-ке де жақсы» деген принципті басшылыққа аламыз және біздің компанияның Лондон қор биржасына дайындалу,  шығуы кезінде мұны ескердік. Инвесторлар бірінші кезекте Қазақстанның инвестициялық тартымдылығына сенуі керек болды, сосын барып Қазақстанда құрылған компания – Kaspi.kz-ке инвестициялауды қарастырды.

Kaspi.kz-тің табысты IPO-сының қорытындысынан кейін инвесторлардың Қазақстанға қызығушылығы сөзсіз өсті  және бұл тек басы ғана. Біз арқылы және біздің көмегімізбен Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын ары қарай да көтерудің ерекше мүмкіндігі пайда болды. Бұл біздің команда үшін клиенттер, серіктестер мен мемлекет алдындағы үлкен жауапкершілік. Ашық компания болу дегеніміз – әлемдегі инвесторлармен жиі және тұрақты  сөйлесіп, компанияның табысы мен Қазақстан туралы айту.

– Инвесторларды қызықтыру, тарту    қиын емес пе?  

– Әрине, қиын, сондықтан бізге еңбектенуге тура келді. Бірақ, біз табысты боларына күмәнданбадық. Өйткені Kaspi.kz – ерекше компания және ерекше бизнес-үлгі. Оның үсіне, біздің тамаша командамыз бар.

Инвесторларды шартты түрде екі топқа бөлуге болады: бір тобы бұған дейін ешқашан Қазақстанға инвестиция салмаған, қалғандарының инвестициялаудан тәжірибесі табыссыз болған. Сәйкесінше алғашқыларын біз сендірдік, екіншілерін қайта сендіруге тура келді Кейбір видеоқоңырауларға бір мезетте қатарынан бүкіл әлем бойынша 150 адам қатысты. Бұл біздің IPO-ға қызығушылық сондай жоғары болды дегенді білдірсе  керек.

Нәтижесінде, Kaspi.kz-тің ІРО-сына АҚШ, Еуропа мен Азиядан әлемдік инвесторлардың өте ауқымды тобы қатысты. Олардың қатарында ірі, беделді жаһандық инвесторлардың жүздеген миллард долларлық активтерін, кейбірі триллиондаған долларды басқаратындары бар. Мұндай инвесторлар инвестициялау туралы шешім қабылдаған кезде, оларды бір ғана компанияға инвестиция салу қызықтырмайды. Біздің ІРО-ға қатысуымыз олардың Қазақстан мен қазақстандық басқа да компанияларға инвестиция салу үшін стратегия жасауына негіз болады. 

– Екі жыл бұрын сіз ІРО өткізіп, Қазақстанды әлемнің инновациялық картасына қосқыңыз келетінін мәлімдедіңіз. Бұл мақсат   орындалды дей аласыз ба?

— Иә. Қазақстанда мұндай инновациялық компанияның барына таңғалды. Өйткені Kaspi.kz – ең алдымен негізінде біздің суперқосымшамыз тұрған ерекше бизнес-үлгі. Біздің суперқосымшамыз сүйікті клиенттерімізге төлем, сатып алу және қаржының айналасындағы күнделікті мәселелерді шешуге көмектеседі. Біз әлемде алғашқылардың бірі болып осындай бизнес үлгіні қалыптастыра бастадық.

Біздің команда Kaspi.kz-ті қаржылық қызметтерден бастады және біртіндеп онлайн-төлемдер мен электронды коммерцияны қостық. Бүгіндері  басқа елдерде осыған ұқсас қосымшалар бар, бірақ олардың ешбірі бірден қаржы қызметінен бастамаған. Мысалы, Қытайда WeChat мессенджерлерден бастады, төлемдер мен қаржы қызметтерін кейін қосты. Жақында табысты IPO өткізген, Польшада электронды коммерциядағы ең үлкен компания – Allegro қаржы қызметтерін дамыту стратегиясын жариялады. Қытайлық Alibaba да электронды коммерциядан бастаған, қазіргі таңда төлемдер мен қаржы қызметтерін де  ұсынады.  

Екі жыл бұрын біз бизнес үлгіміз бен стратегиямыз туралы жариялай бастағанда, болашақ мобильді суперқосымшаларда екенін айтқанбыз. Біздің болашаққа болжамымыз дұрыс болып шықты. Kaspi.kz бүкіл әлем бойынша көптеген компаниялардан бірнеше жылға  алда келеді. Ал Қазақстан қолма-қол емес төлем мен электронды коммерция бойынша әлемдік көшбасшылардың бірі саналады.

– Сіз   халықаралық инвесторлармен екі жылдан бері байланыс жасап келесіз. Содан бері инвесторлардың пікірі қалай өзгерді?

– IPO-ға дайындық кезіндегі екі жылда біз көптеген инвесторлармен бірнеше рет сөйлестік. Олар алғашқы әңгімелесуі кезіндегі жазып алғандарын қайта көтеріп, біз жоспарымызда нені жүзеге асырғанымызды  нақтылады.

Мысалы, инвесторлармен алғашқы кездесу кезінде біздің суперқосымшамызда 1 миллион белсенді қолданушы болса, екінші жолы – 3 миллион, үшіншіде – 5, төртіншіде – 7 миллионнан асты. Мақсатқа жету арқылы бір бизнес үлгіміз бен стратегиямызды растай алдық, сондай-ақ, өзіміздің тұрақтылығымыз бен сүйікті клиенттеріміздің тарапынан сенімділіктің жоғары деңгейін көрсеттік.

Біздің инвесторлардың қатарында Google, Facebook, Alibaba сынды технологиялық компанияларға қаржы салуға маманданған америкалық қорлар бар. Олар үшін осындай жоғары технологиялық компанияның Қазақстанда құрылып, дамығаны нағыз жаңалық болды.

– Салыстырмалы түрде алсақ, Қазақстанда халық саны аз. Бұл бизнестің дамуы үшін табиғи кедергі. Kaspi.kz-тің өсуі мен ары қарайғы дамуы қалай жоспарланып отыр, ненің есебінен жүзеге асады?

– Қазақстанда цифрлық және онлайн-қызметтер қарқынды түрде дамып келеді, біздің ел электронды коммерция мен қолма-қол емес төлем бойынша әлемдегі ең жоғары өсімнің бірін көрсетіп отыр. Біз тұтынушылар мен экономиканың түрлі саласындағы компаниялардың айналасында цифрлық қызметтердің өсу мүмкіндігі мен үлкен әлеуетін көріп отырмыз. Сондай-ақ, біз онлайн-сервистер адамдардың өмір сүру сапасын жақсартып, көтереді деп сенеміз.

Біздің бизнесті Қазақстаннан тыс жерлерде дамыту жоспарымыз бар. Технологиямызды және бизнес үлгімізді 87 миллион адамнан асатын Орталық Азия мен Кавказ нарығында ұлғайтуды жоспарлап отырмыз.

– Инновациялық компанияны дамытуда біздің қандай ерекшелігіміз бар?  

– Ең бастысы – нақты, табысты үлгі бар. Kaspi.kz – Қазақстанда құрылған компания. Егер табысты технологиялық компания болса, демек елде Kaspi.kz сияқты технологиялық және инновациялық компаниялардың дамуына қолайлы жағдай бар. 

Түрлі елдерде технологиялық, елдік брендтер мен чемпиондар бар. Ресейде – Yandex, Mail.ru, Қытайда – WeChat, Alibaba, Ant Group, АҚШ-та – Amazon, Google, Facebook және басқалары. Және Қазақстанда да өзінің технологиялық халықтық бренді бар, ол – Kaspi.kz.

IPO  біздің команда жұмысының бастамасы ғана. Ашық компанияға айналу арқылы біз үлкен жауапкершілік алдық және сүйікті клиенттеріміз бен серіктестеріміз күткендегіден де асып түсу және Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыра түсу үшін бәрін жасаймыз. Бұл басқа қазақстандық компанияларға да халықаралық капитал нарығына шығып, еліміздің инвестициялық тартымдылығын қалыптастыруға үлес қосуына мүмкіндік береді.