КеңесшіТаңдаулы1

Нәтижелі команданың негізі: A-players


Адам бір істі бастап, оны соңына дейін жеткізу үшін оған міндетті түрде қолдау мен көмек керек. «Жалғыздың  үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» деген мақал осындайда дәл келеді. Діттеген мақсатқа жету жолында  адам қасына серік, жанына демеу болатын жандарды жинағанды қалайды. Бизнес те де солай.

Қандай да бір стартап-жобаның, не компанияның жетістікке жетуінің кепілі – мықты команда. Нәтижеге жұмыс жасайтын команданы жинақтағанда аса мұқияттылық қажет. Бүгінде  кез келген басшы ойындағы команданы құру үшін әртүрлі әдіс-тәсілдерді қолданады. Соның бірі – «ABC-players» матрицасы.

ХХ ғасырдың 80-жылдарында General Electric-тің 20 жыл бойы бас директоры болған Джек Уэлч қол астындағы жұмысшыларды үш санатқа бөлу арқылы компанияға 28 есе көп табыс әкелген болатын. «20-70-10»  санатына бөлінген жұмысшылардың:  20% – табыстылары,  70% – орташа және 10% – жұмыстан шығуға тиістілер. Тәжірибеде қолданылып, оң нәтиже көрсеткеннен соң бұл жүйені «ABC-players» матрицасы деп ауыстырды. Сонымен, қай санаттың жұмысшылары сізге пайда әкеледі?

С-players  –  бұл санаттағы жұмысшылардан тезірек құтылғаныңыз жөн. Себебі, с-players сіздерге ешбір пайда әкелмейді, керісінше шығынға батырады, құдды бір вирус секілді. Олар жұмыстың сапасына мән бермейді, уақытында орындамайды, ерінеді, өз қалауымен жұмыс істемейді. Бұл санаттағы жұмысшылардың сылтауы мен шағымдары да көп. Компанияда әртүрлі өсек-аяңдар таратуға құмар. Қарапайым «Не істеп жатырсың?» деген сұраққа «Жұмыстамын» деп жауап береді, ия олар жұмыс жасап отырған жоқ, жұмыста жай отырған адамдар. Бір сөзбен айтқанда айлыққа, ақшаға ғана қызығып, амалсыз жүрген жұмысшылар.

В-players – бұл жұмысшылар өз істерінің нағыз мамандары, берілген тапсырманы уақытында және сапалы орындайды. Жақсы көрсеткіштерге ие. Алайда, олар тұрақтап қалған адамдар. Басынан бастап командада болған, барлық жұмыстың негізін білгенімен ешқашан сіздің алдыңызға компанияны дамыту жөнінде жаңа идеялармен келмейді. Тіпті, кей кездерде оларды жаңа бастамаға көндіруге тура келеді. Олар  белгіленген жұмыс жоспарымен ғана жүреді, таңғы 9-да келіп кешкі 6-да шығып кетеді. Бірақ,  b-players сіздердің командаларыңызда болу керек, мүмкіндігінше көп болғаны да дұрыс. Себебі компанияның табысты болуына әсер ететін осы санаттағы жұмысшылар.

Уэлч жүйесіне сүйенсек, В-players пен С-players ешқашан жоғары санатқа көтерілмейді. Олар «қанағат – қарын тойдырады» ұстанымындағы мамандар.

В + -players – өтпелі кезеңде тұрған жұмысшылар. Көбінде бұл санатқа командаға жаңадан қосылған мамандар, жастар, студенттер жатады. Тәжірибесі жоқ маман болсада,  көзінде от , жұмыс істеуге деген құлшыныс бар. Олардың  басы мыңдаған идеяларға толы, барлық қиындықты көтеруге дайын. Егер бұл жұмысшыларды дер кезінде жетекші тағайындап,  қолдау көрсетсе, болашақта олардан (А-players)топ-менеджерден бастап бөлім басшысына дейін маман дайындауға болады. Ал, алғашқыдағы ынта болмаса, демек, бұл жұмысшылардың  С-players санатына түсті деп түсіне беріңіз.

А-players – компанияның қазынасы іспеттес. Олар 100%  идеямен жүреді, компаниямен бірге өмір сүреді. А-players  жаңа нәрсе ізденуден, оқудан, тыңдаудан шаршамайды. Жұмысты орындай алмау,  жай жасау деген түсінік олардың бастарына кіріп-шықпайды. Барлығын максимум жасағанды ұнатады. Бұл санаттағы жұмысшылар бәсекелестіктен қорықпайды, керісінше маңайына өзі секілді таланттарды жинағанды жөн көреді. Бастысы, А-players-ге ешқашан шектеу қоймаған дұрыс, қайта жолындағы кедергілерді алып, оларға барынша жағдай жасау керек. Сонда олар компанияға керемет нәтижелер әкеледі.

 А-players командада аз болады, олар компаниямен бірге өсуге тырысады, басшылық үшін де, жалақысы да қымбат мамандар. Егер дәл қазір компанияда сәйкес адамды байқасаңыз оған жағдай жасаңыз. Әйтпесе, бұл санаттағы жұмысшыны табу ,оны өз командаңызға қосу және ұстап қалу оңай болмайды.

Жетістікке жету жолында тәуекел етіп, көп нәрседен баз кешуге тура келеді. Ары қарай дамып, көп табыс табу үшін  идеяға толы,  ауызбіршілігі берік команда жинаған жөн. Сонда ғана бәсекеге қабілетті, нағыз мықты компания құрылады.

 

 

Tags

Осы айдарда

Close