НАТО-ға мүше Еуропа елдері қорғаныс шығындарын өсіреді

Брюссель. 31 мамыр. 7kun.kz — Ресейлік басқыншылық саясаттан қауіптенген НАТО-ға мүше еуропалық елдер қорғанысқа жұмсалатын қаржыны көбейтеді. Бұл туралы НАТО-ның бас хатшысы Йенс Столтенберг мәлімдеді.

«Одақтас елдер берген мәліметке сүйенсек, 2016 жылы бірінші рет қорғанысқа жұмсалатын шығын көбейетінін байқаймыз. Біз қауіп-қатердің өсуімен бетпе-бет келіп отырмыз, осыған орай бізге бірлік, күш, тұрақтылық қажет», — деді ол The Financial Times газетіне берген сұхбатында.

Столтенберг Ұлыбританияның ЕО құрамынан шығу мүмкіндігі қорғанысқа жұмсалатын қаржы көлемі туралы жоспарға кері әсер етуі мүмкін екенін ескертті. Йенс Столтенберг еуропалық елдердің қанша ақша жұмсайтиынына қатысты нақты сандар келтірмеді. Оның айтуынша, одақтастар берген мәлімет нақтылауды қажет етеді әрі бұл құпия дерек.

Басылымның жазуынша, былтыр НАТО-ға мүше еуропалық елдер қорғаныс мұқтажына 253 млрд доллар жұмсаса, АҚШ 618 млрд шығындаған. Еуропалық одақтастар қорғанысқа ЖІІ 2 пайызына тең болатын қаржы жұмсауы керек деген кеңеске сүйенсек, НАТО-ға мүше Еуропа елдері әскери мақсатқа жыл сайын қосымша 100 млрд доллар жұмсауы тиіс болады. Қазіргі шығын көлемі ЖІӨ-нің шамамен 1,43 пайызын құрайды.