Назарбаев: Арнайы экономикалық аймақ қызметіне тәртіп орнататын кез келді

390
Назарбаев
Фото: ult.kz

Алматы. 21 қыркүйек. 7kun.kz — Президент Нұрсұлтан Назарбаев Алматы әкімдігіне «Алатау» инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймақ қызметіне бақылау жасауды тапсырды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.

Президенттің айтуынша «Алатау» инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағы құрылысына бюджет есебінен 20 миллиард теңге жұмсалып, 12 жыл ішінде арнайы экономикалық аймақтың жұмысына 22 миллиард теңге жеке инвестиция тартылған. Бірақ әкімдік оның жұмысына ықпал ете алмай отыр.

Қазақстан Президенті Алматыда құрылған индустриялық аймақ туралы да айтты.

«Бүгінде онда 191 миллиард теңгені құрайтын 40 жоба тіркелген. Әзірге тек 1 жоба іске қосылған, 13 жобаның құрылысы жүріп жатыр, ал қалғандарына әзірлік жұмыстары жүргізілуде. Әкімге индустриялық аймақты жаңа жобалармен толықтыруды тапсырамын» , – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар президент тиімді инфрақұрылым қаланы табысты дамытудың маңызды мәселелерінің бірі екенін айтады.

«Соңғы бес жылда оның дамуына бюджеттен 430 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалды. 30 жолайрық желісі салынып, 330 шақырым инженерлік желі іске қосылды, метро дамып келе жатыр. Алматының тарихи орталығының үштен бірі жаңғыртылды. Бұл қала тұрғындарын қуантып, экономиканы дамытады әрі туристерді тартады. Сонымен бірге, мұнда шешімін таппаған мәселелер әлі де көп. Ең алдымен, бұл қаланың көлік жүктемесіне қатысты. Күн сайын 700 мың автокөлік қатынайды. Бұл мәселені смарт-технологиялар базасында көлік жүйесінің «ақылды» элементтерін енгізу арқылы шешу қажет. Ол қала тұрғындарының тұрмысын мейлінше жайлы ету үшін көліктің тиімді жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді» , – деді Назарбаев.

Айгүл Хожантаева