Назарбаев: «Төлей алмасаң, кредит алма. Ешкім зорлап жатқан жоқ»

банк
Фото: sputniknews.kz

Астана. 12 сәуір. 7kun.kz — Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық банктің жұмыс қорытындысын талқылау кезінде үкімет пен екінші деңгейлі банктерге қазақстандықтарды масылдық әдетінен қайтаруды тапсырды. Бұл туралы Tengrinews.kz хабарлады.

«Қайта қаржыландыру бағдарламаларына 130 миллиард теңге жұмсайтынбыз. Қазір 21 мың адал емес қарыз алушы бар. Оның ішінде 19,5 мың адамға қарыз төлеу жеңілдетілді», — дейді мемлекет басшысы.

ҚР Ұлттық банк басшысы Данияр Ақышев осы мәселеге қатысты өз ойын айтты.

«Нұрсұлтан Әбішұлы, бұл мәселе бойынша екі пікір бар. Біріншісі — көмектесу керек. Екіншісі — көмектесу арқылы оларды масылдыққа үйретеміз», — дейді ол.

«Негізі кредит төлемеу бұл қылмыстық жауапкершілікке әкеледі. Бізде мұны ешкім түсінбейді. Төлей алмасаң, кредит алма. Алдың ба, қайтару керек. Әркім өз ісіне жауапты болу керек. Ешкім ипотекалық кредит ал деп зорлаған жоқ. Мемлекетте халық үшін, экономиканы дамытуға және индустрияға қаржы құятын сала жетерлік. Сондықтан тексерісті қатаңдату қажет. Екінші деңгейлі банктер мен үкіметке айтарым: адамдарды масылдық әдетінен қайтарыңдар», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.